Электрорындық

Электрорындық

Ғылыми-техникалық дағдарыстың нәтижесінде пайда болған құрылғылар мен гаджеттер, сондай-ақ, көліктердің түр-түрі адам баласын кәдімгі жатып ішер жалқауға айналдырып жатыр ма дерсің. Теледидар арналарын алыстан басқару пультімен ауыстыра алсақ, үйдің ішін шаңсорғыштың өзі-ақ тазалайды.

Бақытты өмір сүру үшін жайлы креслоңыздан тұрмай, үй шаруаларын басқарып, бақылау ғана қалған секілді. Бұл идеяны жапондық Toyota компаниясы ұсынды.

Қытай астанасы Пекин қаласында өткен авто көрмеде автоөндіруші жылдамдығы 32 ш/ с болатын i-Real деп аталатын бір адамға ғана арналған көлік прототипін ұсынды. Бұл жылдамдық үлкен жер үй мен айналасындағы бау-бақшаларды аралап жүруге жетеді. i-Real жайлы орындыққа электроқозғалтқыш бекіту арқылы пайда болған. Көлікті басқару үшін қолданушының орындығына екі басқару тетігі орналастырылады.

Қазіргі кезде бұл жоба тек прототип ретінде қарастырылып жатыр. Өндіруші көліктің шығу уақыты мен бағасы жайлы бұқаралық ақпарат құралдарына ешқандай мәлімет таратпады. Машина, тіпті, сериялық өндіріске шықпауы да мүмкін. Дүкендерге сатылымға таратылғанның өзінде де, бұл электротырғыштың бағасы қымбат болатыны анық. Әлбетте, жалқаулықтың бағасы арзан емес.

Сурет: jamaipanese.com