Еліміздегі автокөліктердің газға ауысуы экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Бұл пікірді Қазақстанның Тәуелсіз автомобиль кеңесінің төрағасы Эдуард Эдоков білдірді.
Басшы бұл ойын бірнеше аргументпен нықтай өтті. «Әрине, техника мамандары зерттеу жүргізіп, қорытынды шығармайынша, бірдеңе деуге болмайды. Бірақ, менің ойымша, дәл қазіргі кезде көліктерінің газбен жұмыс істегенін қалайтын жеке тұлғалар үшін бұл қадам тиімсіз», – деді Эдоков. Оның айтуынша, біріншіден, көлікке газ баллонын қондырып, баптау жұмыстарын жүргізу кез келген қалта көтеретін жұмыс емес. Осы себептен, бұл шығындардың есесін шығаруға бірнеше жыл қажет болады. Ал бұл уақыт жүргізушінің көлігін ауыстырмаққа бекінуіне әбден жетеді.
Газ стансыларының аздығы тағы бір мәселе. 2013 жылға дейін Алматыдағы мұндай бекеттер саны бесеу болмақ. Бұл көлік иесі тұлпарына газ толтырып алуы үшін қаланың бір шетінен екінші шетіне сапар шегуі мүмкін екендігін білдіреді. Дегенмен маман бұл жеке тұлғалар үшін өте ыңғайсыз нәрсе екендігін де назарынан тыс қалдырмады. Сондай-ақ автокөлік конструкциясына өзгеріс енгізу жөндеу жұмыстарында әлдебір қиындықтың тууына себепкер болады. 10 килограмм тартатын газ баллонының көлікке қосымша салмақ қосып, автоның динамикасына кері әсер ететіні тағы бар. Әдетте бұл баллондар қосалқы дөңгелекке арналған орынға қойылатындықтан, жүргізуші алыс сапарға шыққан жағдайда, қауіпке ілінуі мүмкін.
Дегенмен төраға көліктердің жаппай газға ауысуы елдегі экологиялық мәселелерді шешеді деп отыр. Оның айтуынша, коммуналдық транспорттарды осыған міндеттеу оң нәтиже беруі тиіс. Эдоков қоғамдық көліктердің бұдан былай ауаны ластамайтындығы үшін қуанатынын айтып өтті.
Болжам бойынша, 2017 жылға дейін елдегі газбен жүретін көліктер саны 54 мыңға жетпек. Бұл – Қазақстандағы барлық транспорттың 2,6 пайызы. Ал қазіргі газбен жұмыс істеп жатқан көліктер саны – 2 мыңның төңірегінде.
Осы тұста мемлекеттің көліктердің газға ауысу процесін субсидиялау механизмін қалыптастыруы керек екендігі айтылды. Маман жеке тұлғаларға осы тұрғыда көмек көрсетілсе экологиялық проблема азаяды дегенді де қоса айтты.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: ecoconceptcars.ru