БҰҰ қызметкерлері WhatsApp мессенджерін қолданбайтынын айтып, оның қауіпсіздігіне күмән келтіретінін мойындады. Бұл туралы БҰҰ бас хатшысының орынбасары Фархан Хак 23 қаңтарда өткен брифингте айтты.
"БҰҰ-дағы лауазымды қызметкерлеріне нұсқаулық жасалған. Себебі WhatsApp қауіпсіз механизм емес. Сондықтан бас хатшы оны қолданбайды деп ойлаймын", - деді Хак.
Бұған дейін Guardian басылымы Amazon компаниясының басшысы Джефф Безостың телефоны Сауд Арабиясының ханзадасы Мұхамед бен Салманның телефоны арқылы бұзылған деп хабарлады. 2018 жылы мамырда ханзада WhatsApp арқылы Безосқа зиянды файл жіберіп, жеке деректеріне қол жеткізген. Сауд Арабиясы бұл жайтты абсурдқа теңеді.
WhatsApp-ты сынап жүргендердің бірі – Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров. Оның айтуынша, WhatsApp қолданушының жазған хатын, файлдарын қорғамайды.
"Биыл мамырда (2019 жыл - ред.) мен WhatsApp-тың осал тұстары анықталады деп болжам жасаған едім. Айтқанымдай, мессенджердің қауіпсіздігіндегі ақаулар бірінен соң бірі шыға бастады. Оның осал тұсын пайдаланып, хакерлер мен мемлекеттік мекемелер WhatsApp мессенджері бар кез келген адамның жеке мәліметіне қол жеткізе алады. Ол үшін хакерлер желі арқылы қолданушыға видео жіберуі керек.
WhatsApp сіздің әр жазған хатыңызды, суреттеріңіз бен видеоларыңызды қорғамайды. Жылдар өткеннен кейін жеке суреттеріңіз жария болмауы үшін WhatsApp-ты өшіріп тастауға кеңес беремін", - дейді Дуров.