- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- “Бұл - тарихи...
“Бұл - тарихи жеңіс“. Қазақ шахмат федерациясы қыздар командасының жүлдеге қалай жеткенін баяндап берді
Қазақстан шахмат федерациясы Будапешт қаласында шахматтан өткен 45-ші Олимпиада ойындарында қыздар құрамасының жеткен жеңісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Олимпиада ойындарының қалай өрбігені жайлы ҚШФ маркетинг-директоры Ернұр Советқали баяндап берді. Ол командадағы қыздардың Олимпиадаға жүйелі түрде дайындық жүргізгенін айтты:
"Қазақстан шахмат федерациясында жүйелі дайындық жақсы жолға қойылған. Барлық спортшылар күнделікті жаттығулардан өтеді, олармен кәсіби тренерлер жұмыс істейді. Әр құраманың мүшелері арнайы жасақталған үш пакет шеңберінде қолдау алады: алтын, күміс және қола пакеттері. Біз әр жарысқа жүйелі дайындықтың қажет екенін жақсы түсінеміз. Спортшылардың біліктілігін арттыру үшін арнайы айналмалы турнирлер өткізіліп тұрады, бұл дайындыққа өз септігін тигізеді. Жалпы алғанда, спортшыларымыз түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, үнемі дайындық үстінде" – деді ол.
Шахматтан әйелдер құрамасы бұған дейін де 2023 жылғы Командалық чемпионатта күміс жүлдеге ие болған. Бұл жолы федерация қыздардың жүлделі болатынына сенімдері мол болғанын жеткізді.
"Әйелдер арасындағы жарысқа биыл 169 команда қатысып, бұл рекордтық көрсеткіш болды. Әлемнің ең мықты құрамалары сынға түсті, ал біз болсақ жақсы нәтижеге сеніммен қарадық. Сонымен қатар әйелдер құрамасының қоржынында 2023 жылғы Командалық чемпионатының күмісі бар. Олар өз деңгейін бірнеше мәрте дәлелдеген. Сондықтан сеніміміз, үмітіміз мол болды, әрине. Бірақ бәрінен бұрын жақсы ойын көрсету – ең басты мақсат болды. Екі құрама мүшелері де сапалы ойын көрсетуге барын салды" – деп қосты ол.
Командадағы қыздар Олимпиаданы 8 жеңіс, 2 тең нәтиже және 1 жеңіліспен аяқтады. Алғашқы турларда Уругвай, Финляндия, Австрия және Сербия командаларын әртүрлі есеппен жеңіп, тұрақты түрде ұпай жинап отырды. Өкінішке қарай, бесінші турда алдыңғы Олимпиаданың қола жүлдегерлері және биылғы фавориттер Үндістан құрамасына есе жіберді. Десе де, сағы сынбаған қыздар Куба, Әзербайжан, Франция және Польша командаларын жеңіп, 9-турдың қорытындысы бойынша турнирдің жеке көшбасшысы атанды.
"Шешуші 10 және 11-ші турларда қыздарымыз рейтингтегі үздік орынды сақтап, тиісінше Грузия және АҚШ құрамаларымен тең ойын көрсетті. 11-ші турда Меруерт Камалиденова америкалық шахматшы Карисса Йипке қарсы тұра алмағанымен, Бибісара Асаубаева Гулрухбегим Тохиржонованы ұтып, жеңіс сыйлады. Алуа Нұрман мен Элис Ли арасындағы партия тең нәтижемен аяқталып, Ксения Балабаева мен Ирина Круш арасындағы ойын да тең түсіп, біздің командаға екінші орынды қамтамасыз етті" – деді Ернұр Советқали.
Сонымен қатар ол қыздардың әлемдік Олимпиададағы күміс жүлдесін "тарихи жеңіс" деп атап, Тимур Турловтың жетекшілігімен және Freedom Holding компаниясының демеушілік қолдауымен Қазақстан шахмат федерациясы дамудың жаңа деңгейінде тұрғанын айтты.
"Бұл – тарихи жеңіс. Ерекше атап өтерлігі, әйелдер құрамасының орташа жасы – 18,5 жас, ал ерлер құрамасында 21 жас. Бұл біздің шахматшыларымыздың өте жас әрі үлкен амбициялары бар екенін көрсетеді. Өткен жылы еліміздің шахматшылары түрлі халықаралық жарыстарда 116 медаль жеңіп алды, ал биылғы жылы одан да көп нәтиже күтеміз. Тимур Турловтың жетекшілігімен және Freedom Holding компаниясының демеушілік қолдауымен Қазақстан шахмат федерациясы дамудың жаңа деңгейінде тұр" – деді ол.
Сондай-ақ ол аталмыш "тарихи жеңістің" жастар арасында шахмат спортын одан әрі дамытуға үлкен ықпал ететінін және қызығушылығын арттыратынын қоса кетті.
"Былтыр ҚР Үкіметі 2023-2027 жылдарға арналған шахматты дамыту бойынша кешенді жоспарды қабылдады. Бірегей стратегия шахматтың байрақты бәсекелермен қатар қарапайым мектептерде қолдау табуына ықпал етіп келеді. 7 түрлі бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Еліміздің 20 аймағында Қазақстан шахмат федерациясының филиалдары қосылған. Жылына 50-ден астам республикалық және халықаралық деңгейдегі турнирлер өткіземіз. Мұндай жетістіктер еліміздегі шахмат спортын одан әрі дамытуға үлкен ықпал етеді және жастар арасында шахматқа деген қызығушылықты арттырады деп сенеміз" – деп қосты маман.
Еске сала кетейік, кеше 22 қыркүйек күні Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман мен Әмина Қайырбекова бақ сынаған Қазақстан құрамасы Будапештегі шахматтан 45-ші Олимпиада ойындарында 18 ұпай жинап, күміс жүлде иеленген болатын. Ал 19 ұпай жинаған үнді қыздар Олимпиада жеңімпазы атанды.
Д. Литпин