- Негізгі бет
- Шолу
- Біртүрлілеу өнертабыстар: Көліктер...
Біртүрлілеу өнертабыстар: Көліктер
Естеріңізде болса, кеше "Автокөліксіз бір күн" атты әлемдік шара өтті. Бұл күні автокөлік иелеріне темір тұлпарларынан бір күнге арылуға ұсыныс жасалады. Бұл акцияның басты мақсаты – жанармай үнемдеу және қоршаған ортаны қорғау болып саналады.
Ал өнертапқыштар бұл күннің болатынын білді ме, әйтеуір экологиялық жол жүру құралдарын жасай бастады.
Электрлі көлік
Segway – бұл қалада жол жүруге таптырмас аппарат. Ол шағын әрі басқару жүйесі өте оңай. Онымен еш кептеліске тұрып жүйке жұқартпай-ақ барар жеріңізге жетіп аласыз. Ал егер құлаққабыңыз арқылы ән тыңдаймын десеңіз, ешкім сізге қарсы бола қоймайды. Былайша айтқанда – мінсіз транспорт.
Пауэрайзерлер
Осы бір өнертабыстың авторы кенгуруға еліктеген сыңайлы. Пауэрайзерді аяққа киіп алып, қалталы жануарлардан бір кем түспей секіріп жүруге болады. Бұл механизм серіппесі арқылы адамға қатты секіруге мүмкіндік береді.
Антигравитациялық бәтеңке
Тез жол жүргісі келетін, бірақ қоршаған ортаның тазалығына мән беретіндер үшін бұл өнертабыс өте пайдалы. Тез жүретін бәтеңке жылдамдығыңызды бірнеше есе арттырады екен. Мұндағы бір ғана талап – сіздің биіктіктен қорықпауыңыз керек.
Реактивті ұшқыш
Мұндай құралды біз бұған дейін тек кинофильмдерден көретінбіз. Ал қазір іске жарамды нұсқалары да шықты. Мәселен, Jetpack Martin моделі жерден қатты көтерілмесе де, барар жеріңізге ұшып баруға мүмкіндік береді. Оның үстіне қауіпсіздігіңіз үшін парашют те берілген. Десек те, 10 метр биіктіктен құласаңыз, ол сізге көмекке келе алмайды.
Дөңгелегі бар орындық
Бұл бұған дейін аталған көліктерге қарағанда, жылдамырақ аппарат болып саналады. Жылдамдығы – сағатына 30 шақырым. Бұл орындық саяхаттаушыларға арналып шығарылады екен. Және оны шығарушы компания – бәрімізге де белгілі Toyota компаниясы. Оның бір артықшылығы, көздеген жеріңізге өзі-ақ апарып тастайтынында.
Болашақ келді деген осы...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: woman-space.ru
А. Құлтай