2008 жылы Google компаниясы Chrome деген браузерін шығарған болатын. 8 жыл өткен соң ол әлемдегі ең танымал браузеріне айналып үлгерді, өзге де браузерлерге қосымша ретінде енді, мобильді нұсқасын шығарды, өз негізінде толық бір операциялық жүйені жасап шықты. «Лента.ру» Google компаниясының вице-президенті Брайан Раковскийден Chrome-ның өткені, өтері жайлы сұрастырып, сұхбаттасыпты. Ендеше, бұл сұхбатты сіз де оқыңыз, құрметті оқырман.
- Басынан бастайықшы, мұның бәрі қалай басталған еді? Google неліктен жеке браузерін шығарды? Chrome-ды жасауға қашан кіріскен едіңіздер?
- Google үшін жеке браузер өте қажет. Себебі компания веб-сервистер жасайды, ал олардың браузерде жұмыс істейтіні белгілі. Chrome-ның бірінші нұсқасы 2008 жылы шыққан, ал оны 2006 жылдан бастап жасай бастаған едік. Біз сол кездегі нарықта қызмет көрсететін веб-шолушылардың деңгейін өте төмен, сол себепті де қолданушыға өте қиын деп ойладық. Біз бірінші кезекте техникалық аспектілерінен бастап жұмыс істедік. Бізге жылдамдық пен қауіпсіздік басты орында болды. Веб-парақшаны ашу үшін қозғалтқыш (движок) ретінде WebKit таңдалса, өңдеу үшін JavaScript жаңадан жасалды. Браузерді екі жыл бойы жасадық, Chrome-ның бірінші бета-нұсқасы 2008 жылы қыркүйек айында шықты.
- Chrome-ның бірінші қолданушылары қандай пікір айтып еді?
- Ешкімге де онша ұнай қоймады, расын айтсақ. «Тағы да бір браузердің не керегі бар, онсыз да көп емес пе бізде?» делінген сұрақтар көптеп келіп жатты. Әрине, жақсы пікірлер де болды. Егер білсеңіз, интернетті бірінші сынап көретін білгіш қолданушылар болады. Міне, солар Chrome-ның мықтылығын байқады. Олардың ұнатқаны қауіпсіздік пен жылдамдық еді. Біздің мақсатымыз да сол еді ғой.
Chrome бета-нұсқасы, 2008 жылдың қыркүйегі, Сурет: Gizmodo
Осы адамдар Chrome-ды өз достары мен жақындарына айтып, кеңес бере бастады. Біз бұған қатты қуанғанбыз. Тағы бір айта кетерлігі, бізге маркетологтар көмекке келді – олар әлемге браузердің не екенін, не үшін қажет екенін түсіндіруді міндетіне алды. Олардың еңбегі еш кеткен жоқ, сол кездегі жағдайдан гөрі қазір адамдар браузер туралы өте жақсы біледі.
- Кешіріңіз, сұрағым келіп отырғаны – сіз «Яндекстің» браузерін көрдіңіз бе? Ол сізге ұнаған шығар?
- Мен «Яндекс.Браузермен» көп жұмыс істемедім, бірақ көрдім, әрине. Адамдардың біздің құрастырған затты қолданатынын көріп қуанамын. Біздің жоба қамтамасыз ететін бағдарлама ғой, бұл арқылы біз үздік екенімізді мойындатамыз. Біздің браузердегі іліп аларлықтай бір ерекшеліктері бар, осы арқылы басқа да браузерлер жақсара түседі.
- «Яндекс.Браузер» 2012 жылы шықты да мамыр айының ортасына таман ресейлік нарықтың 5 пайызын өзіне қарата білді. Сіздер бұдан қорықпайсыздар ма?
- Жоқ, қорықпаймыз. Бізде Мәскеуде құрастырушылардың командасы бар, Санкт-Петербургта да командамыз бар. Бірақ «Яндекстың» нарықта бізден көп уақыт болғанын мойындаймыз. Бір айта кетерлігі, біз басқа да браузерлердің жақсаруына тек қуанамыз.
- Ал қазір немен айналысып жатсыздар? Chrome әрмен қарай қалай дамымақ?
- Қазірде Chrome – әлемдегі танымал браузерлер қатарында. 750 миллионнан астам қолданушымыз бар. Бірақ әлі де жасайтын жұмысымыз көп. Біздің ендігі назар сала істейтін шаруамыз браузердің мобильдік нұсқаларын шығару болып отыр.
Chrome OS жасауда біз Chrome-ды жасағандай артық дүниелердің барлығын да алып тастап, тез қызмет көрсететін компьютер жасауға тырыстық. Осы негіздеріме сүйене отырып, идеямыздың сәтті болғанын айтқым келеді. Көптеген жақсы пікірлер айтылды. «Операциялық жүйені» оқу орындары мен компанияларда бағалады – ал олардың барлығына да үлкен жылдамдық пен қарапайымдылық қажет. Менің ойымша браузерлік операциялық жүйелерде зор мүмкіндік бар.
Chrome OS ноутбуктары, сурет: Google
- Қай «хромобук» танымал бола түсті?
- Samsung Series 5. Acer ноутбуктарын да жұрт сатып алып жатыр. Жалпы Chrome OS тіркелуі өте қарапайым, құрылғыны әр өндіруші шығара алады. Мәселен мен өз ата-анама Chrome OS сатып әпердім.
- Оларға ұнады ма?
- Ұнады. Өзіме де ұнайды – үйіме барамын, компьютерді жөндеудің қажеті жоқ. Әкем пасьянс ойынын сағынып жүрді, расын айтсам. Бірақ мен оған көптеген қосымшаларды басып бердім, ал онда солитер ойындар көп.
- Айтпақшы, іздеуге кірген кезде мобильдік құрылғыларда дауыстық іздегіш қызметі бар, телефоннан теру қиын, бұл түсінікті, ал басқа компьютерлерге оның не қажеті бар?
- Жалпы, компьютерлерге дауыстық іздегіш қызметін тәжірибе мақсатында жасадық. Оны біреу қолданады деген сеніміміз де болған жоқ, жәй ғана жасап көрдік. Бірақ кейін белгілі болғандай кейбір адамдар теруге қарағанда дауыстық іздегішке үйреніп алған, тіпті мүмкіндігі шектеулі жандар болса осы қызметті ғана пайдаланатынын айтайық. Тіпті теріп іздеуге қиынырақ болатын тілдер бар.
- Ал Glass көзілдірігіне браузер жасайсыздар ма?
- Көзілдірік! Мен осы сұрақты күтіп едім. Өзіме Glass көзілдірігі өте қатты ұнайды, бірақ менде жоқ. Осы себепті кең көсіліп айтып бере алмаймын. Браузерге келсек, көзілдірікке браузер керек, осы мәселенің шешімін табамыз деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан: Светлана Чистякова
Аударған: Ардақ Құлтай
Сурет: lenta.ru