Болашақ бел астында емес, көз алдымызда! Zero тікұшағы – тез, жеңіл қозғала алатын бірегей әрі шағын ұшу аппараты. Бұл тікұшақ испаниялық дизайнер Гектор Дель Амоның концепциясы бойынша жасалды. Маман қала ішіндегі көлік кептелісін шешу үшін осы шағын тікұшақты ойлап тапқан. Дизайнердің идеясы адамдардың көп уақытын бос кептелісте өткізбей, жұмыс орындарына уақытылы баруына мүмкіндік берді. Бұл, шынымен де, керемет идея. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, енді «жол талғамайтын» жеке тікұшағыңыз бар, енді кез келген жол кедергісі сіз үшін мәселе емес. Жеке тікұшақ – бұл бос қиял емес, шындыққа, өмірлік қолданысқа айналатын «көлік» түрі. Дизайнердің ойынша, үлкен қалаларда ауа транспорттары – мини-тікұшақтар адамдардың күнделікті көлігіне айналады.
Тікұшақтың Zero аталу себебі «көліктің» кабинасы нөлге 0 ұқсайтындығына байланысты. Тікұшақ тек бір адам, бір жолаушыға, яғни пилот-пассажирге арналған. Өкінішке орай (немесе қуанышқа орай), тікұшаққа өзге адамдарды отырғызу әзірше мүмкін емес. Мәселенің барлығы – тікұшақ есігінің болмауы. Кабина толықтай ашық. Тікұшақ ыңғайлы жалғыз орындықпен, қарапайым басқару жүйесімен жабдықталған.
Аталмыш концепт ойыншық ұшаққа ұқсағанымен, кәдімгідей қозғалыс құралы. Техникалық сипаттамасы туралы толық ақпарат беру қазірше мүмкін емес. Алайда аталмыш тікұшақтың экологиялық жағынан таза әрі жоғары технологиямен жабдықталғанын айта аламыз.
Бұл жеңіл әрі шағын, тез қозғалатын, маневр жасауға тиімді тікұшақ көлікке қарағанда мотоциклге ұқсайды. Шағын болғандықтан бұл транспорт гаражда үлкен орын алмайды. Мини-тікұшақты басқару оңай болғандықтан, оны кез келген адам қолдана алады әрі оған жүргізуші куәлігін де оңай алуға болады.
Дегенмен де, қазірдің өзінде тікұшақтың кемшіліктері жайлы айта берейік. Кабинасы үнемі ашық болғандықтан бұл көлік түрін жауын-шашынды күні қолдану мүмкін емес. Концепт әлі де жетілдіру кезеңінде болғандықтан, асығыстық танытпайық. Дизайнерлер бұл кемшіліктің де орнын толтыратын болар.