- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- Әйел-таксист ...
Әйел-таксист
Такси тоқтатқан кезде, ер адам тоқтаса, қалыпты құбылыс ретінде қабылдап, әйел тоқтаса, қауіпсіздігің үшін сенімді болуыңмен қатар, "Жолда қалай жүрер екен?!" деп алаңдайсың да. Әйелдердің рөлге отырып, жолаушыларды тасымалдауының тарихы қайда жатыр?
Бұл идея Мексикада ширек ғасыр бұрын пайда болды. Паэбл көшесімен қатарынан 25 біп-бірдей алқызыл көлік жүріп өткенде бір таңырқаған жұртшылық, көлік тізгініндегі кіл әйелді көргенде екі таңырқады. Міне, осыдан кейін әйел тізгіндеген такси бизнес көзіне айналып, күллі әлемге қанат жайды.
Әйел-таксист қызметін ашу үшін көп ел 25-50 жас аралығындағы жұмыс тәжірибесі бес жылдан кем емес әйелдерді іріктеп алады. Көлікті алқызыл түске бояудың қажеті жоқ. Мысалы Лондонда әйел-таксистердің алқызыл түсті қолдануына тыйым салған көрінеді. Олар көгілдір түсті құп көріпті.
Осы жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында тек әйелдер жұмыс жасайтын такси қызметі іске қосылды. Бұл біріншіден, жағдайы төмен әйелдерді жұмыспен қамту үшін қолға алынған шара болса, екіншіден, жолаушы нәзік жандылардың қауіпсіздігін арттыру үшін іске қосылған. Жұмысқа кіргісі келетін таксист-әйел ағылшын курсы мен өз-өзін қорғау курсын оқып алады екен.
Бұл қызмет әсіресе, ер адаммен бір жерде отыруға тыйым салынған мұсылман мемлекеттерінде сұранысқа ие.
Ал біздің елімізде, әйел-таксистер қызметі 2009 жылы, Алматы қаласында пайда болды. Алқызыл түсті таксидің салонында әйелдерге арналған аксесссуарлар бар. Әйел-таксист қызметіне қазақ, орыс тіліне бірдей жүйрік, жұмыс тәжірибесі үш жылдан кем емес, B куәлігіне ие нәзік жандылар алынады.
Әйел-таксист қызметін қолданасыз ба?
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: itar-tass.com, bsu-az.org
Р. Роза