Бұған дейін кейбір депутаттар жеке тұлғалардың көліктерін техникалық байқаудан өтуге міндеттеуден бас тартуды ұсынған болатын. Осы орайда Қазақстанның автобизнес ассоциациясы бұл пікірге қарсылығын білдіріп, басқа ой айтты.
Ассоциация өкілдерінің айтуынша, бұл қадам қалың жұрттың арасында қолдауға ие болып жатса да, өте асығыс айтылып, ойсыздықпен алға қойылып жүр. Бұның дәлелі ретінде мамандар Кедендік одақ аясында жасалған техрегламентті келтірді.
"Регламент бойынша одаққа кіретін әрбір мемлекетте жүріп-тұратын автомобильдер техникалық байқаудан өтіп, мемлекет тарапынан жол жүру қауіпсіздігі аясында бақылауда болуы керек. Елдегі техникалық байқаудан бас тарту арқылы мемлекет өз мойнына алған міндетінен тайқып кетеді", - деп түсіндірді "Астана Моторс Лизинг" компаниясының директоры Андрей Соловьев.
Ал "Агромашхолдинг" зауытының директорлар кеңесінің төрағасы Ким Дин мәселеге басқа бұрыштан көз салып пікір білдірді. "Техникалық байдаудан бас тарттық делік. Содан соң не болады? Біріншіден ұрланған, тоналған көліктерді бақылауда ұстау мәселесі алға шығады. Екіншіден, жол апаты аймағынан қашып, із жасырған көліктерді табу қиынға соғатын болады. Тіпті, елдегі автолардың санын білу де мүмкін болмай қалады. Сондықтан қазіргі кезде техникалық байқаудан бас тарту емес, қайта бұл процесті дамытып, өркендету туралы әңгіме айтуымыз керек", - деді директор.
Ассоциацияның мәліметтері бойынша, қазіргі кезде елімізде 3 667 994 көлік жүр екен. Сонымен қатар 500 мыңнан астам жүк көлігі мен автобусты санап шығуға болады. Олардың 3 миллионы (80 пайыз) он жылдан көп уақыт бойы жолда жүрген тұлпарлар. Тағы 60 000 көлік (2 пайыз) 2012 жылғы техникалық тексеруден бірден, оңайлықпен өте алмаған.
Өкілдер елдегі жол апаттарының көрсеткіштерінің азаймай отырғандығын да айтып өтті. Мәселен 2011 жылдың алғашқы екі айымен салыстырғанда 2012 жылда көлік апаты 29,3 пайызға күрт өскен. Жол бойында барлығы 250 адам жан тапсырған. Оның 8-і сәби. 2000-ға жуық адам түрлі жарақаттар алған екен. Мамандар бұл көрсеткіштерді елдегі көліктердің 80 пайызының тым ескілігімен байланыстырып отыр.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: auto.gazeta.kz