- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- "Аулаға шыға алмай...
"Аулаға шыға алмай отырмыз". Ақтауда жекеменшік үй тұрғындары жылан барына шағымданды
Ақтау тұрғындарын жекеменшік үй ауласындағы жылан шошытты, - деп хабарлайды lada.kz.
29-шағынаудандағы Толқын-2 жекеменшік үйінің тұрғындары ауладан ұзындығы кемінде бір метр болатын жылан көрген. Олар көргенін дереу видеоға түсіріп алған.
Үй иесі жыланды 11 маусымда таңертең ауланы тазалап жатқан кезде байқаған. Тұрғындар бауырмен жорғалаушының қалай келгенін білмейді. Олардың айтуынша, аумақ толығымен кірпіш дуалмен қоршалған, қақпаның астында ғана кішкене ашық жер бар. Үй иесі жылан көршілердің құрылыс материалдарымен бірге аулаға кірген болуы мүмкін деп ойлайды.
"Күйеуім басында не екенін бірден түсінбей қалды. Жылан басын көтеріп, оған қарап, ысылдай бастады. Қатты қорқып кеттік. Бірнеше күн бойы аулаға шыға алмай отырмыз, өзімізді немесе балаларды шағып ала ма деп қорқамыз. Сақтықпен және тек шұғыл шаруа болса, шығамыз. Кетті деп ойладық, бірақ бүгін қайта көрдік", - деді Ақтау тұрғыны Ангелина Саитбатталова.
Үй тұрғындары Төтенше жағдай департаментіне жүгінген. Қызметкерлер келіп, ауланы қараған, бірақ 15 минут бойы жыланды таппай, кетіп қалған.
Ж. Қадыржанова