- Негізгі бет
- Шолу
- Астероид Жермен соқтығыспайтын...
Астероид Жермен соқтығыспайтын болды
NASA ғалымдары жерге жақындап келе жатқан Апофис астероиды планетамызбен соқтығыспайды, - деп хабар таратты.
"2036 жылы астероидтың Жермен соқтығысу ықтималдылығы миллионнан бір бөлікті құрайды. Біз осылайша аспан денесінің Жерге соқтығыспайтындығын 100 пайызға жақын сенімділікпен айтамыз", - деді Жерге жақындап келе жатқан аспан денелерін зерттеу бөлімінің жетекшісі Дон Йеоманс.
325 метрлік Апофис ғалымдардың назарына алғаш рет 2004 жылы ілікті. Сол жылдардағы есептеулер бойынша, астероидтың жермен соқтығысу ықтималдылығы 2,7 пайызды құрап, аспан денесі ғаламшарымызға 2029 жылы жақындап келеді деп болжанған болатын. Дегенмен кейінірек ғалымдар пікірін өзгертіп, бұл уақытты 2036 жылға қарай ығыстырды. Ал қазір астероидтың Жермен соқтығысу ықтималдылығы тіпті жоққа шығарылып отыр.
Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін Массагет Жер шарына жүзжылдықтың ең қауіпті астероиды жақындап келе жатқандығын айтқан болатын.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: heraldsun.com.au