2013 жылдың 7 желтоқсанында Астана қаласында «Ұлттық Интернет Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Астана интернет форумы» өтеді. Назарбаев зияткерлік мектебінде өтетін шараға танымал IT мамандары, жаңа медиа журналистері, блогшылар және сайт жасаушылар қатысады.
Қазақстандық аудиторияға арналған ақпараттық технологиялар саласын дамытып жүргендерге арналған бұл форумның мақсаты – қазақ тілінде контент жасаушылар мен портал мен сайт иелерінің, жаңа өнімдерді ұсынушылардың өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобалардың пайда болуына ықпал ету.
Форум үйлестірушісі Данияр Алан:
– Жобаға жалпы саны шамамен 150-200 адам келеді деп күтілуде. Форумда спикерлер әртүрлі тақырыптарда шеберлік шыңдау дәрістерін жүргізеді. Өркен Кенжебек, Жарқын Түсіпбекұлы секілді елімізге белгілі журналистер жаңа медиа тақырыбында сөз қозғаса, Ерлан Оспан, Аршат Оразов, Ербол Серікбай, Тимур Бектұр сынды елімізге танымал IT мамандары техникалық жағынан шеберліктерімен бөліседі. Форум барысында елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған ҚазНеттің Бірінші Ұлттық Интернет-сыйлығы — «Қазнет Дода» байқауының марапаттау рәсімі өтеді. Байқау 2 кезеңнен тұрып, 9 сайт пен 3 ҚазНет тұлғасы номинациялары бойынша мықтылар анықталады. Форум былтыр 7-8 блогшы энтузиасттардың бастамасымен өткізілген-тін. Биыл да ешқандай үкімметтік немесе үкіметтік емес ұйымдардың көмегінсіз ұйымдастырылып жатыр. Ұйымдастырылу барысында қаржылық қиындықтар болғанына қарамастан, ол қиындықтарды жеңе білдік деген ойдамын. Форумды да, байқауды да жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шара ретінде көргіміз келіп отыр.
Айта кетейік, форумға тіркелу әлі де жалғасуда. Қатысу үшін iforum.kz сайтына кіріп, тіркеле аласыз.
Дайындаған: Мейіргүл Сержанқызы
Сурет: iforum.kz, Данияр Алан