22-23 желтоқсан аралығында "НұрОтан" ХДП, "Болашақ" ассоцияциясы, "WikiBilim" қоғамдық қорының қолдауымен, "Мінбер" журналистерді қолдау Орталығының ұйымдастыруымен Елордада тұңғыш рет қазақ тілді интернет саласы жанашырларының басын қосқан "Астана Интернет Форум 2012" шарасы болып өтті.
Форумның басты мақсаты - қазақ тілді Интернет кеңістігіндегі сайттар, бағдарламалар мен жобаларды дамыту тетіктерін бірігіп талқылау және оларға қолдау көрсету. Сондай-ақ, қазақ тілді IT саласының қазіргі жай-күйі, кәсіпқой бағдарламашыларды дайындау мәселелері де назардан тыс қалмады.
Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен форумға Астананың қарлы бораны мен аязы еш кедергі бола алмады. Сонымен, 22 желтоқсан сағат 9:00 де алғаш рет ұйымдастырылып отырған Астана Интернет Форумы (АИФ) өз жұмысын бастап кетті.
Форумға қатысушылардың арасында Қазақстанның әр түкпірінен өз жаңалықтарымен келген қазақ тілді IT саласының мамандарымен қатар, қарапайым Интернет қолданушылары да болды. Олардың жалпы саны 160-тай адамды құрады. "Астана Интернет Форумына" құрметті қонақтар ретінде ҚР білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов, "НұрОтан" ХДП хатшысы Ерлан Қарин және "Мінбер" журналистерді қолдау Орталығының президенті Есенгүл Кәпқызы қатысып, жастармен өз тәжірибелерін бөлісті.
Одан кейінгі кезекте спикерлер өз тақырыптарын көпшілікке таныстырды. Мысалы, Дінмұхамед Зиядин "Қазақ тілді жобаларды насихаттаудың маркетингтік жолдарын" қозғаса, Ербол Серікбай "Күнделікті сайт оқырмандарының санын қалай 30 000 адамға жеткізуге болады?" атты қызықты тақырыбын ашып айтты. Сонымен бірге, спикерлерден бөлек форумда қатысушылардың алып келген тың жобалары да көрсетілді.
Форумның екінші жұмыс күні де бірінші күннің тәртібімен таңертең ерте басталып кетті. Жалпы бес сессиядан тұратын шараның соңғы екеуі осы күннің аясында өтті. Бұл күні форум қатысушылары спикерлер тарапынан жаңа толқын "Бұлтты технология" саласының мән-жайы, оның қазіргі кездегі рөлі мен "Ақпараттық қауіпсіздік" сияқты тақырыптарды тыңдады.
IT саласының маманы Тимур Бектұр өз тақырыбын әйгілі Стив Джобс мәнерінде түсіндірді
Мамандар қазақ сайттарының ішінен "Массагет" порталының интерфейсы мен логотипін ең үздік деп атады
Қатысушылар залдағы экранға тікелей қосылған туиттер әлеуметтік желісі арқылы жаппай тікелей туит-репортаж жүргізіп отырды
Осылайша "Астана Интернет Форумына" берілген екі күннің соңы да аяқталды. Шара соңында қатысушылардың дауыс беруі нәтижесінде анықталған үздік жобалар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Форумды қорытындылаған ұйымдастырушылар мен қонақтар осындай жиындарды жиірек өткізіп тұруға уағдаласты. Солардың бірі алдымыздағы жылдың қаңтар айында өтетін "Қазақ сайттары редакторларының конференциясы" болып отыр.
P.S Сонымен "Астана Интернет Форумы - 2012" шарасынан қорытып айтарымыз - форум қазақ тілді IT мен Интернет кеңістігінің үлкен қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетті. Яғни қазақ Интернетінің болашағы зор, тек соны нарыққа сай, алдыңғы көштен қалмай тың жаңалықтармен дамыта берсек болғаны.
Астана қаласынан арнайы "Массагет.kz" порталы үшін: Болат Қосмағамбет
суреттер: ©Болат Қосмағамбет