Арзан бағаға сенімді әрі тартымды қандай көлік сатып алуға болады? Бұл көпшілігімізді мазалайтын сұрақ екені рас. Бір жағынан арзандау бағаға әртүрлі маркадан төмен, орташа немесе кішкене класстағы салыстырмалы түрде жаңа көлік алуға да болады. Сондай-ақ, бұл бағаға жоғары кластағы (мысалы, неміс өндірушілерінің), алайда ескілеу көлік түрлері де түсіп жатады. Әр нұсқаның өз плюстері мен минустерінің бар екенін айта кетейік.
Ал компакт-класта келесідей көлік түрлерін сатып алуыңызға болады: жүрілгеніне екі жыл болған Chevrolet Lanos, үш жылдық Daewoo Nexia, төртжылдық Hyundai Accent. Сондай-ақ орта кластағы корейлік екі жыл айдалған Kia Spectra немесе үш жылдық Hyundai Elantra. Одан бөлек, сізде тағы да бір таңдау бар. Ол – бір немесе үш жылдық Hyundai Getz. Алайда, арзан бағаға дәл осындай көлікті сатып алу үшін жолыңыздың болуы да қажет.
Жалпы айтар болсақ, 800 000 – 1 200 000 теңге аралығындағы автокөліктерді екі категорияға бөлсек қателеспейтін шығармыз: бюджетті және беделді (я болмаса престижді деп түсініңіздер). Жүргізушілердің біразы Ford, Mitsubishi, Nissan, Hyundai, Opel, Renault, Daewoo сияқты маркаларды арзан бюджетті санатқа жатқызып жатады. Жоғарыда келтірілген сомаға аталғандардың ішінен төмен класта үш жылдық Daewoo Matiz сатып алуға әбден болады. Өзбекстандық бұл автоны қазіргі таңда елімізге әкелу тоқтатылғанымен, әлі де біразы қоймада бар екенін айта кетейік. Сондықтан осы бір көлікті алуды шешкен болсаңыз, көп уақыт созбай тезірек қамданғаныңыз жөн.
Кей жағдайда ұсталған көліктер арасында да зауыттың бір жылдық кепілдігі бар түрлері кездесіп жатады. Сөзсіз, егер мұндай көлікке тап болсаңыз, сіздің жолыңыздың болғаны. Одан бөлек, ол көп жүрілмеген болса, сізге жөндеу жұмыстары да арзанға түседі. Егер сатып алған көлігіңізде механикалық беріліс қорабы орнатылған болса, ақшаңыздың біраз бөлігі қалтаңызда қалады. Бюджетті мұндай көліктердің аспасы (подвеска) да қарапайым келеді.
Егер арзан бағаға көлемі үлкен көлік алуды шешкен болсаңыз, онда сіз міндетті түрде ескі темір тұлпарға жолығасыз. Ал ең сенімді саналатын неміс және жапон көліктерінің жаңасы арзан тұрмайтынын да ескеріңіз. Бұл автокөліктерде тағы қуатты қозғалтқыштардың орнатылғанын ескерер болсақ, онда мемлекетке төленетін салық пен жөндеу жұмыстарына да аз қаржы кетпейтіні анық.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: drivezona.com