"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнындағы төтенше жағдай кезінде үйінді астында қалып, жарақат алған қызметкердің жағдайы айтылды, - деп хабарлайды "Новый Вестик" газеті.
Оқыс оқиға 10 маусымда болған еді. Пеш күмбезі құлағанда төрт жұмысшы қаза тауып, тағы біреуі ауыр халде ауруханаға жеткізілген болатын.
"Жүргізілген шұғыл шаралар кешені барысында науқас шоктан шығарылды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы орташа ауыр дәрежеге жақын деп бағаланған, оң динамика байқалады. Науқас есін біледі, гемодинамикасы тұрақты. Артериялық қысым - 110 және 80, еркін тыныс алады. Тамыр соғысы - минутына 84 рет. Науқаста аралас жарақаттар бар. Толық көлемде емделіп жатыр", - деп түсіндірді Теміртау Орталық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Ульяна Базарова.
Еске салайық, бұған дейін "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында төрт адам қаза тапқаны хабарланған еді. Бір жұмысшы ауруханаға жатқызылған. Артынша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.