Apple өз гаджеттерін "ажыратқыштардың" көмегімен сақтандырмақ

Apple өз гаджеттерін "ажыратқыштардың" көмегімен сақтандырмақ

Apple компаниясы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, өзінің "ай-гаджеттерін" ұрлаудан сақтандыру шараларын жасаумен айналысуда. 

Күз айында алып компания гаджеттеріне жаңарған iOS 7 операциондық жүйесін орнататыны белгілі. Жаңа ОЖ осындай қылмыстарды жасауға түбегейлі тосқауыл қоймақшы. Осының арқасында ең қымбат "алмалы" мобильді құрылғылар ұрлық жасаушыларға "тартымды" болудан қалады, деп хабарлайды The Daily Mail. 

Жаңарған операциондық жүйе Apple смартфондарының иесіне ұрлық болған жағдайда оны интернет арқылы арнайы қызмет арқасында ажыратып тастауға мүмкіндік береді. Бұл жаңа қауіпсіздік қызметін компания "ажыратқыш" деп атап отыр. Егер ұрлық жасаушы SIM-картаны алып тастағанның өзінде, ол оны қолданушының аты мен құпия сөзінсіз іске қосып, мәліметтерді өшіре алмайды. 

"Сондай-ақ ұрлықшы құрылғыдағы "Менің телефонымды табу" атты жаңа қызметін де ажырата алмайды. Жаңа қызмет GPS-қосымша арқылы телефонның жоғалған немесе ұрлаушының орналасқан жерін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Одан бөлек, смартфон экранының бетінде үнемі "Бұл iPhone жоғалған, өтінемін, маған телефон шалыңыз" деген жазу шығып тұратын болады",-деп хабарлады Сан-Францискода өткен құрастырушылардың Worldwide Developer конференциясында Apple өкілдері. 

Apple компаниясының бағдарламамен қамтамасыз ету вице-президенті Крейг Федериги: "Біздің ойымызша бұл телефондарды ұрлықтан сақтайтын таптырмас жүйе болып табылады",-деп мәлімдеді. 


Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: macdigger.ru

Б. Қосмағамбет