“Анаша, насыбай, боди массаж“: Атырау мешіті имамға қатысты шуға жауап берді

Журналист Ораз Әлімбек желідегі парақшасында Атырау қаласындағы "Құспан молла" мешітінің қызметкерлері имамның үстінен арызданып, хат жолдағанын жариялаған болатын. Аталмыш жағдайға қатысты мешіт баспасөзі мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі. 

Шағым хатта олар мешіт имамының теріс қылықтары туралы ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай Өтпеновке қаншама рет арызданса да, осы уақытқа дейін оған байланысты ешқандай шара қолданылмай отырғанын айтқан. 

"Ең сорақысы – тәнін сататын жеңілтек қыздарға барып, боди массаж жасатып, жыныстық қатынасқа түсетінін дүйім жамағат біледі. Дінімізде тыйым салынған темекі, насыбай, анаша да шегеді. Өзі құдды бір имам емес, театрда қызмет жасайтын сайқымазақ секілді үнемі былапыт-көргенсіз анекдоттар айтады", – деп жазған мешіт жамағаты "Құспан-молла" мешітінің имамы туралы.
 

Тараған ақпаратқа қатысты Атырау облысының орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі тараған ақпаратты жоққа шығарды

"Біріншіден, Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің имамы қызметін пайдаланып, мүфтиятқа балық, уылдырық жібереді деген сөз жала. Мүфтиятқа Атыраудан «сыйлық» жіберу деген болған емес. Екіншіден, мешіт имамы бола тұра, үнемі насыбай, анаша шегеді, массажға барады деген сөздер мүлде ақылға сыймайды. Себебі "Құспан молла" мешіті қаладағы ірі құлшылық орындарының бірі болғандықтан, бұл жерде атқарылатын жұмыс көлемі өте көп. Сондықтан мешіттің бас имамы болғандықтан, салмақ та осы кісіге түседі. Яғни имамның негізгі уақыты мешітте өтеді. Қызметін пайдаланып, қора-қора мал жиды деген сөз де шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта имамның күнделікті сауынға ұстап отырған бір бас сиыр, бір бас түйесі бар. Атыраудың кәсіпкерлері арқылы мал жиды, байыды деген сөз шындыққа жанаспайды", – деп жазды мешіт баспасөзі. 

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Түркістан облысына сапарына өңірдің қарапайым имамдары ақша жинағаны туралы ақпарат тараған еді.