ComScore компаниясының жасаған рейтингісі бойынша АҚШ-та Yahoo интернет-ресурсы өзінің қолданушылар саны бойынша тұңғыш рет бірінші орынға шықты. Осылайша ол көп жылдан бері көшбасшылықты ешкімге бермей келген Google компаниясын шілде айының қорытындысы бойынша екінші орынға ығыстырып отыр.
Google корпорациясы ComScore интернет-ресурстары аналитикалық компаниясының әр ай сайынғы рейтингісінде 2008 жылдан бері бірінші орынды ешкімге бермей келген болатын. Сондықтан бұл IT-мамандары үшін күтпеген жаңалыққа айналып отыр.
Бұл рейтингке сенер болсақ, comScore MMX сервисіне негізделіп алынған мәліметтер бойынша, шілде айында Yahoo қызметі 196,564 миллион рет қолданылса, ал Google компаниясының көрсеткіші - 192,251 миллион.
Cnet ресурсы Yahoo компаниясының мұндай үлкен жетістікке жетуін бір жағынан мекеменің Tumblr қызметін сатып алумен байланыстырып отыр. Себебі қолданушылар саны дәл осы сауда жасалғаннан кейін күрт артқан. Дегенмен Tumblr компаниясы оған дейін де күніне 38,367 миллион қолданушысымен үздік 38 компанияның қатарына кірген болатын.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: seoprofy.net