- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- Америкалық ғалым жұмсақ...
Америкалық ғалым жұмсақ робот құрастырды
АҚШ-тың Сан-Диего қаласындағы Калифорния университеті инженері толығымен 3D-принтерден шығарылған роботын таныстырды. Роботтың төрт аяғы қозғалыс кезінде икемділік таныту үшін арнайы жұмсақ материалдан дайындалған.
"Роботтың жұмсақ аяғы кез келген жерде қозғалыстың қалыпты болуын қамтамасыз етеді. Жаңа механизмнің көмегімен робот құм немесе тастардың үстімен жүре алады. Сондай-ақ, жоғарыға қарай өрмелеу мүмкіндігіне ие", - дейді Калифорния университеті Джейкобс инженерлік мектебінің магистрі Дилан Тротман. Оның айтуынша, жаңа концептіге ие робот құтқарушылар мен полиция қызметкерлерінің көмекшісіне айналады.
Қозғалыс ауа тартатын сорғының көмегімен жүзеге асырылады. Роботтың қозғалысқа енетін аяғы ауаға толтырылғанда, басқа аяғынан ауа шығарылады.
Әзірге робот басқару тетігі мен корпусынан тыста орналасқан сорғының көмегімен қозғалады. Алдағы уақытта, механизмдердің көлемі кішірейтіліп, микросорғыны роботтың ішіне орналастыру жоспарланған.
Айта кетсек, америкалық инженер роботының алғашқы прототипін Сингапур қаласында өтіп жатқан IEEE халықаралық конференциясында таныстырды. Автоматизация және роботтық технология салаларында ұйымдастырылған іс-шара маусымның 3-іне дейін жалғасады.
Ж. Өрісбай