5 ақпан күні Астана уақытымен сағат 22:23-те «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Прогресс М-22М» жүк кемесі бар «Союз-У» зымыраны ұшырылды. Бұл жөнінде Роскосмос баспасөз-қызметі хабарлайды. Старттан он минут уақыт өткеннен кейін жүк кемесі зымыран тасығыштан ажыратылып, Халықаралық ғарыш бекетіне (ХҒБ) жол тартты. Халықаралық ғарыш бекетімен зымыран 6 ақпан күні Астана уақытымен сағат 04:26-да түйіседі деп күтіліп отыр.
"Прогресс" ғарыш кемесінің бортында 2,5 тоннадан аса жүк бар. Олар: оттегі, жанармай, ғылыми жұмыстарға арналған әртүрлі құрылғылар, мединалық құрал-жабдықтар, тағамдар, су, ауа мен ғарышкерлерге жанұясы беріп жіберген сәлемдемелер.
РИА Новости ақпарат агенттігі Роскосмос өкілдерінің сөзіне сілтеме жасай отырып, жүктер арасында ішінде алтын балығы бар контейнердің де бар екендігі айтылады. Ол балықтар ресей-жапон біріккен «Аквариум-AQH» ғылыми зерттеу жұмыстары кезінде пайдаланылады екен. Жобаның мақсаты – ғарыш ұшыруларының ішінде өсімдіктер, жануарлар мен жәндіктер бар жабық экологиялық жүйесіне әсері мен олардың микрогравитацияға тұрақтылығын анықтау.
Ғалымдардың ойынша, зерттеу нәтижесінде алынған қорытынды мәліметтер көптеген ғылымның дамуы үшін оң әсерін тигізбек. Сондай-ақ ол ғарышкерлердің ағзасындағы биологиялық заттардың айналымына тереңірек үңілуге мүмкіндік береді екен.
Бұл зерттеу жұымстары Халықаралық ғарыш бекетінің америкалық бөлігіндегі JAXA Aquatic Habitat аквариумының Kibo атты жапондық моделінде жүзеге асырылмақ. Алтын балықтардан бөлек, ғарыш бекетіне жауын құрттары мен масалардың дернәсілдері де аттанды.
Айта кетейік, бұл «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 2014 жылы алғаш ұшырылып отырған ресейлік зымыран болып саналады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: politikus.ru