Алматыда халықаралық веложарыстың өткізілуіне байланысты қаладағы бірнеше ірі магистральдардағы қозғалыс шектелетін болады, деп хабарлайды Алматы қаласы ІІМ ЖПБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Today.kz
6-қазанда Алматы қаласының әкімдігі «Тур-Алматы 2013» біркүндік веложарысын өткізуді жоспарлап отыр.
«Жол қозғалысының қауіпсіздігі мақсатында осы шараның өтуі кезінде таңертеңгі сағат 6-дан бастап веложарыс аяқталғанға дейін Шығыс айналмалы жолдағы Халиуллин көшесімен батыс бағыттағы Әл-Фараби даңғылы мен Шығыс бағыттағы Мұстафин көшелері уақытша жабылады»,-деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Әл-Фараби даңғылына алып келетін Қазыбаев, Желтоқсан, Марков, Жамақаев, Шашкин, Ремизовка, Ходжанов, Сырғабеков, Гагарин, Розыбакиев, Навои, Дулати, Мұстафин, Асқаров көшелерінде де көлік қозғалысы болмайды.
Осыған байланысты Алматы қаласы ІІД жол полициясы басқармасы арнайы батальонының командирі, полиция майоры Руслан Қаскиев былай дейді: «Әл-Фараби даңғылының оңтүстік бетінде тұратын азаматтардың жүріп-тұруын жеңілдету үшін Достық, Сейфуллин даңғылы, Фурманов пен Жароков көшелері күнделікті жұмыс істейді. Ал велотур кезінде «Таулы қырат» шағын ауданының тұрғындарының қозғалысын жеңілдету мақсатында Алдар-Көсе көшесінің Сейфуллин және Жамақаев арасындағы бөлігі екі жақты болып өзгереді. Мұндай өзгерістер жарысқа қатысушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында қабылданған міндетті және мәжбүрлі шара болып отыр».
Жоғарыда аталған көшелердің басына турникеттер қойылатын болады. «Барлық қала тұрғындарын аталған шараға түсіністікпен қарауын сұраймыз. Осыған байланысты көлік жүргізушілеріне өз маршруттарын алдын-ала біліп алуын және де Жандосов, Сәтбаев, Абай көшелерінің мүмкіндіктерін барынша пайдалануын сұраймыз»,-дейді Қаскиев.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: kk.wikipedia.org