Алматы көшелері тікұшақтан бақыланатын болады

Алматы қаласының жол полициясы жүргізушілерді әуеден бақылайтын болады. 

Алматы қаласы ішкі істер департаментінің жол полициясы басқармасы хабарлағандай, тікұшақтар қала ішіндегі көлік тығындары мен шұғыл іздестіру шаралары және де жалпы қаланың көше жағдайлары мен қылмыстық хал-ахуалын әуеден бақыламақ.

Тікұшақтардың ұшу маршруттары көлік тығындары көп болатын Райымбек, Рысқұлов, Әл-Фараби, Абылай хан, Сейфуллин, Достық, Төле би, Сәтбаев, Фурманов көшелері арқылы өтетін болады. Алматы қаласы ішкі істер департаментінің жол полициясы басқарма бастығының орынбасары Махмұт Жағабаевтың сөзінше, тікұшақтар қазір орын алып отырған жағдайларға байланысты көлік тығындары мен басқа да жағдайлардың дер кезінде алдын алуға немесе оларды қалыпқа келтіруге мүмкіндік беретін болады.  

Одан бөлек, тікұшақтар жол көлік оқиғасы орын алған жерден қашып шыққан жүргізушілерді және қысмыскерлерді құрықтауға үлкен көмегін тигізбек.   

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: auto.lafa.kz