- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- Алғашқы өзін-өзі басқаратын...
Алғашқы өзін-өзі басқаратын ауа таксиі
Германиялық Volocopter компаниясы Дубай қаласында AAT дронының, нақтырақ айтсақ, өзін өзі басқаратын ауа таксиінің алғашқы ашық сынағын өткізді. Аталған жаңа көлік түрі алдағы 10 жыл ішінде қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсететін болады.
Компания ашық сынақты арнайы видеоға түсіріп алған. Ол жазбадан алып дронның өздігінен 200 метр биіктікке көтеріліп, Дубайдың көптеген жағажайларының бірін айналып өтіп, кейін сәтті оралғанын көруге болады. Сынақтың жалпы ұзақтығы 5 минутты құрады. Ол кезде кабина ішінде адам болмаған.
Дронның AAT атауы Autonomous Air Taxi сөз тіркесінің қысқарған нұсқасы. Ол «Автономды ауа таксиі» деген мағына береді. Электронды қозғалтқыш арқылы жұмыс істейтін көлік өзгелерге қарағанда әлдеқайда шағын әрі аз дыбыс шығарады. Кабинаға екі адам сияды және олардың қауіпсіздігі үшін арнайы парашюттер мен 9 қосымша батарея бар. Дрон ауада 18 пропеллер күшімен ұшады, оның круиздік жылдамдығы — 50 км/сағат, ал максималды жылдамдығы — 100 км/сағат.
Дубай әкімдігі ауа таксиін жақын арада қала жүйесіне қоспақ. Жоспар бойынша 2030 жылға қарай AAT Дубай қаласы қоғамдық көліктерінің төрттен бірін құрайтын болады. Мұндай таксиді смарфондарға арналған қосымшалар арқылы шақыруға болады. Алдағы уақытта бұлар үшін арнайы маршрут сызылып, жол ережелері бекітіледі.
А. Оралқызы