Алғашқы қазақстандық Nomad атты автокөлік 2013 жылдың ортасында шыға бастайды. Бұл жаңалық Астанада өткен "Индустриаландыру күн" көрмесінде айтылды деп хабарлауда "Курсивъ" газеті.
Көліктің құрылысы мен жобасы Қостанайдағы "Агромаш Холдинг" конструкторлық бюросы мен оңтүстік кореялық Ssang Yong Motor Corporation корпорациясының инженерлерінің ортақ жұмысы. Осы орайда Allur Auto автомобильдік компаниялар тобының аға директоры Андрей Лаврентьев бұл жоба қазақстанға қосымша инвестициялар тартуға серпін болады деген пікір айтты.
Nomad көлігінің салоны
Бұған дейін Nomad-тың 2012 жылдың аяғында сатылымға шығатындығы айтылған болатын. Жаңа көліктің бағасы 19 мың доллар болатындығы да хабарланған еді.
Nomad көлігінің артқы көрінісі
Болашақта бұл көлік ұлттық компания қызметкерлері мен шенеуніктердің автосына айналуы мүмкін. Естеріңізде болса, бұған дейін елбасы шенеуніктерге шет елден көлік сатып алуға тиым салған болатын. Оның үстіне "Агромаш Холдинг" бірнеше ұлттық компаниялар мен мемлекеттік мекелермен меморандумға қол қойып, келісімге келгендігі хабарланған еді.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
суреттер: quorum.kz