2013 жылы әлем бойынша әлеуметтік желілердегі спамдар саны өткен жылмен салыстырғанда 355%-ға артып отыр, деп хабарлайды Lenta.ru.
Netgate компаниясының соңғы зерттеуіне сүйенер болсақ, әлеуметтік желілердегі әр екі жүз хабарламаның бірі спам болып шығатын көрінеді. Сондай-ақ мұндай хабарламаларды пошталық спамдарға қарағанда анықтау және оны өшіру қиынға соғады. Себебі әлеуметтік желі спамдарының тек 15%-ында ғана белгілі бір сайттарға сілтеме көрсетіледі.
Ал оларды таратудың ең танымал әдісі осындай мақсатты көздеп ашылған аккаунттардан тікелей хабарлама жіберу екендігі де белгілі. Әлеуметтік желілердегі әр 7 жаңа аккаунтқа 5 жаңа спам-аккаунттан келіп отыр. Сондай-ақ қазіргі кезде спамдар ұялы телефон иелеріне де залалын тигізуде. Мысалы, 2013 жылы телефондардағы қосымшалардың 5%-ы спамдар таратумен айналысқан екен.
Салыстырмалы түрде айта кетейік, 2012 жылы Facebook өкілдері «спам» атымен әлеуметтік желіге бүкіл хабарламаның тек 4%-ы ғана келіп түсетінін хабарлаған еді. Ал 2010 жылы Туиттер микроблогында олардың үлесі барлық туиттің 1,5%-ын ғана құраған.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: moipost.ru