- Негізгі бет
- Шолу
- Әлеуметтік желілер шайқасы:...
Әлеуметтік желілер шайқасы: кім озады?
Әлеуметтік желілер – қазіргі қоғамның бір көрінісі. Себебі біз не істесек те, не жазсақ та, қайда демалсақ та, қайда жүрсек те әлеуметтік желі қасымызда. Өміріміздің бір бөлшегі ретінде қалыптасып кеткен. Оны күнделікті тыныс-тіршіліктен ажыратып алу қиын.
Марк Цукерберг Facebook әлеуметтік желісінің алгоритм жүйесін өзгертемін деп хабарлаған күннен бастап қолданушылар арасында түрлі ой қалыптасып, көбісі реніштерін жеткізді. Себебі қазір әлеуметтік желілердің арасында тренд те, бренд те – Facebook.
Facebook әлеуметтік желісінде отыратындардың жасына шектеу жоқ. Онда еңбектеген баладан бастап еңкейген қартқа дейін отырады. Ойын, көзқарасын пікір жазу арқылы білдіреді. Одан бөлек саяси элита, қоғамдық бірлестіктер, тұлғалардың да шоғыры осы жерде.
Маркетологтар, сайт қызметкерлері үшін мемлекеттік жұмыстардың жүргізілу ауқымын қалыптастырып отырған Facebook көштің басын кімге босатып беруі мүмкін?
Әрине, бұл сұраққа бірден жауап беру қиын. Оны басып озамын деген азамат – Павел Дуров. Оның телеграм месенджері халық арасында жаппай қолданысқа ие болып жатыр.
Бұл месенджер қауіпсіздігі және хат алмасу, ақпараттарды бір қалыпты оқи алу мүмкіндігі арқылы озып келеді. Көш басына шығуға үміткерлердің бірі.
Әлемдік деңгейдегі блогерлер телеграм желісіне жаппай ауысу мәселесін көтеріп отыр. Себебі бұл әлеуметтік желіде пікір қалдыра алмайсыз. Яғни блогер не пікір білдіруші өз ойын ашық жеткізеді. Сіз тек көресіз, оқисыз және бағалай аласыз. Артық ештеңе жаза алмайсыз.
Павел Дуровтың соңғы кездері жасап жатқан жұмыстарына назар салсаңыз, ол «месенджер арқылы маркетингпен айналысу» сынды тақырыптарда, кәсіп бастау мақсатында шеберлік сыныптарын ұйымдастырып жүр. Бұл жүйе Facebook үшін соққы екені белгілі.
Вконтакте
Бұл ТМД елдері арасында әлі де болсын өзінің сойылын соғып тұрған орта. Статистикаға жүгінсек, оқырмандарының жартысынан көбі мектеп оқушылары.
Вконтакте әлеуметтік желісі көш басына шығуға үміткер болмаса да, өзінің тұрған орнын сақтап қалуы мүмкін. Басты себеп қазір музыка тыңдауға арналған бағдарламалардың барлығы ақылы. Вконтакте желісінде бұл мүмкіндік тегін жұмыс атқарып келіп, соңғы 2-3 ай ішінде жарты сағаттық тыңдалымнан кейін ақылы бөлімге ауысты. Бірақ смартфонды өшірмей және вконтактені жаппай музыканы тыңдай беруге болады.
Вконтакте желісіндегі екінші бір белсенді күш топтардың көп болуы. Әрбір топ өзінің позициясын ұстанып, ақпарат береді. Қанатты сөздерге толы топтардың саудасы жүріп тұр деуге әбден болады. Бірақ ғұмыры шектеулі екенін айтып кету керек. Вконтакте ұзаққа шаба алмайды...
Бұл да месенджер. Телеграм пайда болғанға дейін WhatsApp месенджерінің чат арқылы сөйлесу бөлімі жаппай қолданысқа ие болды. Қазір үш адамның екеуінде бұл бағдарламаның бар екені анық. Себебі телефонмен сөйлескеннен гөрі WhatsApp арқылы жазу, аудио жазба жіберу оңай тәсілге ауып кетті.
WhatsApp месенджері де өзінің формасын өзгертіп, түрлі ерекшеліктерді қосуға күш салып жатыр, бірақ Телеграмның қалтасында бір картаның артық екенін ескерсек, WhatsApp месенджері де ойыннан шығуы мүмкін.
Жаңашылдықты сүйетін бұл әлеуметтік желінің жарты жыл сайын бір өзгеріс жасап отыратыны бар. Өсу жағы, дамуы да қалыс қалмайды. Қазір бұл жер нағыз сауданың алаңы. Халық дүкенге бармастан бұрын олардың Instagram парақшасындағы аккуанттарын іздеуге асығады, сұраныс та бар.
Көш басына шығып кетпесе де жақын арада өзін жойып жіберетін әлеуметтік желіге Instagram жатпайды. Себебі қолданушылар смартфонды қолға ала салып алдымен Instagram желісіне кіреді.
Қолданушылар аясы кең әлеуметтік желі. Ерекшелігі қысқа әрі нақты ақпарат алуға арналған. Негізінен сілтеме беру, мезгілінде жұмыс жасау бағытымен ерекшеленеді.
Көштің басында да, соңында да емес, ортасында. Сондықтан бұл әлеуметтік желінің топ ішінен озып шығуы да мүмкін немесе сол орнын ұстап тұруы да ғажап емес.
YouTube
Әлеуметтік желілердің ішінде тамырын кеңге жайып, өзін қалыптастырып үлгерген YouTube үндемей жүріп революция жасау үстінде. Басты себеп – видео-контент.
Қазір адамдарға мәтін оқыған, сурет қараған қызық емес. Оларға видео-контет жақын. Жалқаулар үшін YouTube таптырмас орта. Тек жалқаулар үшін емес, мұнда өте көлемді ақша айналады. Көрілім үшін компания ақша төлейді. Өзгесін айтпағанда да әлемнің ең мықты маркетологтары да, блогерлері де осы жерде өз каналадарын жүргізіп отыр.
Қысқа уақыт ішінде YouTube әлеуметтік желісі көш басына шығады. Сол орында біраз уақытқа дейін қалуы да мүмкін. Контент бағытын өте дұрыс және ұтымды пайдаланып отырған YouTube әлеуметтік желісінің дайындап отырған тосын сыйы бар екенін де ұмытпау керек. Бұл сый үйдегі көгілдір экранның орнын басуы.
Көштен қалған кімдер?
Мой мир, Агент, Одноклассники сынды әлеуметтік желілердің көш соңында ілесіп қана келе жатқанын білесіз. Мой мирды ұстап тұрған пошта жүйесі. Ал агент атымен жоқ деуге болады. Бар деген күннің өзінде ешкім пайдаланбайды.
Әлеуметтік желілер арасындағы бәсекелестік жалғаса береді. Олар халықтың қалауын және ұсынысын қанағанттандырып қана қоймай, үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын орта жасап отыр.
Бәсекеде кімнің жеңетіні маңызды емес, олардың қалай жұмыс жасайтыны – басты мәселе.
М. Ақан