Әлеуметтік желілер соңғы кезде БАҚ-тың орнын басады деген сөздер жиі айтылады. Тағы бірде белгілі әнші Сәкен Майғазиев «Туиттерде менің 5 мың оқырманым бар, ал елімізде 5 мың оқырманы бар газеттер көп, сондықтан да мен бір газеттің бас редакторы секілді жүк арқалаймын» дегені бар еді. Тіпті бұл тақырыпқа орай таусылмас дисскуссиялар жүргізе беруге болатындай.
Мәселен, БАҚ зерттеушісі Джоанна Блэкли әлеуметтік желілер соңғы уақыттарда дәстүрлі БАҚ құралын басып озды дейді. Әлеуметтік желілердің феномені ХХІ ғасырдың бірінші он жылдығында-ақ танылып үлгерді. Және көптеген БАҚ электронды нұсқаға өтіп, әлеуметтік желілердегі маркетинг қарқын алды. Бүгінде газет-журналдар мен электронды басылымдар Facebook, Twitter және Вконтакте секілді желілерді ақпарат алу мен таратуда пайдаланып отырғаны анық.
Мәселен, әлеуметтік желілерде ашылған медиа-басылымдар (басылымның жеке парақшасы) БАҚ-тың дамуына мынадай пайда әкелуде:
- Оқырманмен тікелей байланысу үшін қолданушылардың тізімі мен координаттарын білу;
- Қолданушы қатарын барынша көбейту;
- Белгілі бір контент арқылы достастықтар құру;
- Басқа да басылымдардың публикациясын бақылау мүмкіндігі;
- Өзекті жаңалықтарды табу, оқиғаға қатысушылар мен куәгерлермен байланыс жасау, ақпаратты жылдам жеткізу;
- Кері байланыстың болуы, белгілі бір оқиғаға қатысты пікірлесу, аудитория жинау, осы орайда аудиторияның белгілі бір ақпаратқа байланысты орнын білу;
- Арнайы қосымшалар арқылы аудио немесе видео құжаттармен алмасу мүмкіндігі;
- Қолданушының БАҚ-тың ресми сайтына материал жариялай алуы;
- Онлайн-басылымдар мен блогтарды дамыту;
- Жарнамалық іскерлікпен айналысу, оны дамыту;
- Журналистердің белгілі бір оқиғаға, тақырыпқа сұхбат, пікір, сауалнама жинау мүмкіндігі, сурет алмасу;
- Тікелей эфирдегі оқиғаға (спорт, мемлекеттік сот отырысы мен билік өкілдерінің жиыны, төтенше жағдайлар орындары, сайлау және т.б.) трансляция ұйымдастыру мүмкіндігі.
Ал бірқатар маман әлеуметтік желілердің БАҚ құралына бәсеке келтіре алмайтын себептерді алға қояды:
- Жарияланатын немесе жеткізілетін ақпараттың рас-өтірігі анық емес. Естеріңізде болса, «утка-ақпараттар» соңғы кезде халықты абыржытқаны бар. Оның бірі «Голливуд жұлдызы Леонардо ди Каприоның қазақтың ақыны Абай Құнанбаевтың рөлін сомдайды» деген ақпарат лезде таралып, бұқараның есін шығарғаны бар.
- Екінші бір себебі ақпарат өз кезінде жылдам берілетін болғандықтан журналистің ақпаратты дұрыс жеткізбеуі: қате пікірлер, түсініксіз сөйлемдер, грамматикалық, лексикалық қателіктер.
- Негативті ақпараттың лезде таралуы. Қалыптасып келе жатқан жасөспірімнің психологиялық ауытқушылықтар туғызатын ақпарат, видео, суреттер көруі. Мұндай ақпараттар тасқыны БАҚ абыройы мен әлеуметтік желінің брендіне жасалатын «қара жарнама».
Сол фейсбуктың көмегімен шығыстанушы-журналист Ғалым Боқаш пен түрлі сайттарда блог жүргізіп жүрген Данияр Аланның пікірін білген едік.
"Әлеуметтік желілер БАҚ-тың даму құралы ма әлде бәсекелесі ме?"
Ғалым Боқаш, шығыстанушы-журналист:
- Екеуі де емес. Әлеуметтік желілер – БАҚ-тың нысанасы. Тауар-ақпаратын өткізетін жаңа нарық. Интернет тұтас халықты қамтыған Батыс елдерінде бұл нарықтың коммерциялық мәні зор. Ал тек ірі қалаларда ғана тұрғындар интернет тұтынатын, халық саны аз дамушы елдерде бұл нарықтың маңызы сондай зор емес. Тек қандай да бір БАҚ-тың жаңа заман технологиясына бейімдігін байқататын көрсеткіш қана. Бірақ дамыған елдерде де, дамушы елдерде де әлеуметтік желі бір құбылысты анық қалыптастырды – әлеуметтік желілердің пайдаланушылары
БАҚ-тың соңынан жүрмейді, БАҚ бұлардың соңынан жүреді. БАҚ әлеуметтік желі пайдаланушыларының жаңа платформа арқылы таратып жатқан шұғыл хабарлары мен тапқырлыққа толы реакцияларын аңдитын халге жетті. Қоғамның қандай да бір әлеуметтік-саяси оқиғаға қатысты пікірін дереу білетін орта да осы.
Данияр Алан, блогшы:
- Әлеуметтік желілерге екіжақты пікір айтуға болады. Кей жағдайларда бәсеке. Мысалыға өткендегі Алматыдағы Rixos-тың алдындағы өртте алдымен әлеуметтік желілерде, сонан соң ғана БАҚ-тарда тарала бастады. Алайда бұл жерде тағы бір мәселе бар, әлеуметтік желілерде ақпаратты тарату оңай (түсірдің - салдың), ал БАҚ-тарға салу үшін ақпараттың тексерілуін не болмаса журналисттің оқиға өрбіп отырған жеріне барып өз көзімен көргенін жазуы, монтаждауы тиіс.
Ол әрине уақыт. Орайы келгенде сол оқиғамен байланысты бір оқиғаны айтайын, еліміздегі танымал телеарналардың бірінің журналисті бір марапаттауға бара жатып, өртеніп жатқан жанармай таситын көліктің үстінен түседі. Редакцияға хабарлағанымен, оқиға орнынан кетіп қалады. Себеп - марапат алуға асығуы. Егер әлгі журналист өз жұмысын кәсіби деңгейде жасағанда ол телеарна ең алғашқы болып әлгі оқиғаны халыққа жеткізер еді. Сондықтан бұл журналисттің кәсіпқойлығына да байланысты. Екінші пікір бойынша: Әлеуметтік желілерді БАҚ-тар өз пайдасына асыра алады. Яғни, өз жаңалықтарын жарнамалау. Алайда бұл жерде де журналисттердің кәсіпқойлығы көрініс береді. Егер СММ-ді жақсы жүргізетін журналист болса материал, пост оқылады. Ал жәй ғана сілтемені "Оқыңыз, қызық" деген пікірмен шығарса, материал әрине оқылмайды. Яғни, барлығы кәсіпқойлық пен сауаттылыққа, сауатты пайдалануға байланысты.
Автор: Ардақ Құлтай
Сурет: Асылхан Әбдірайым, әлеуметтік желілер