Қоқысты далаға лақтырып жатқан адамды көрсек те, оған ләм деместен, қасынан өте шығамыз. Кейбіреу үшін қоқыс тастау ләңгі тебумен бірдей. Англия осы мәселенің де шешімін тапты.
Олимпиада ойындары қарсаңында Англия басшылығы Лондон қаласын заманауи шаһарлардың бірі ретінде көрсеткісі келгендіктен, түрлі жобаларды іске асырып жатыр. Енді Ұлыбритания астанасының орталық көшелерінен сұйық кристалды экрандары бар "ақылды" қоқыс жәшіктерін байқай аласыз.
Лондонда жарты жыл бұрын болған тәртіпсіздіктерді ескерген қала басшылығы бұл жәшіктердің «күшейтілген» нұсқаларын жасатқан. Сонымен қатар, бұндай жәшіктер кішігірім жарылғыш заттың күшіне төтеп бере алады. Жәшіктің бүйір қырларында орналасқан екі LCD дисплей қала қонақтарын өзекті жаңалықтармен таныстырады. Экран беттеріне келіп түсетін ақпарат әрдайым өзекті болу үшін жүйе Wi-Fi модулі арқылы ғаламторға қосылады. Қазіргі уақытта Лондонда әрқайсысының құны $47 мың болатын жәшіктердің 25 данасы тұр. Олимпиаданың басталуына дейін қала әкімшілігі қосымша 75 "ақылды" жәшік орнатпақ. Осындай жәшіктерді сатып алуға Нью-Йорк, Токио, Сингапур қала басшылары ұсыныс білдірген.
Біздің елге де "ақылды" жәшіктер керек-ау...
Форумда талқылау
Сурет: daily.com