Тіске басар тағамдар ұсынатын автоматтан зат алған боларсыз. АҚШ-та мұндай аппараттың жаңа түрі пайда болды. Автомат енді сізге тағам емес, автокөлік ұсынады.
Көлік сатып алу көптеген елдерде әртүрлі қиындық тудырады. Ол үшін әдетте көптеген құжат жинап, бірталай жерге қол қою керек. Carvana компаниясы бұл мәселені оңтайландырып, көлік сату маркетингінің жаңа моделін жасады. Көлік сатып алу үшін небәрі жиырма минутта онлайн құжаттарды толтыру керек. Сосын көлік үйіңізге жеткізіледі немесе өзіңіз барып ала аласыз.
Компания мамандары сатылымға адамдарды қызықтыру үшін көлікті табыстау үдерісін өзгерткен. АҚШ-тың Нэшвилл қаласында құрылған бес қабатты ғимарат чипс немесе алкогольсіз сусын беретін автоматқа ұқсайды. Ғимарат текшелерінде әртүрлі көліктер орналастырылған.
Көлікті сатып алушы келген кезде оған арнайы темір белгі (жетон) беріледі. Содан кейін механизм іске қосылып, тапсырыс берілген көлікті иесіне жеткізеді. Автоматтанған ғимаратта ешбір адам жұмыс істемейді.
Carvana компаниясының бас директоры Эрни Гарсия толығымен автоматтанған көлік дүкенін құру маркетингтік идея екенін айтады. Осылай компания әр аймақта сауда орындарын ашуға және адамдарды жұмысқа алуға артық шығынданбайды. Одан бөлек, сатылым деңгейін бірден көтеру үшін көліктер бағасы төмендетілген. Америкалықтар Carvana көліктерін сатып алу арқылы $1500-$2000 көлемінде ақша үнемдей алады екен.