Адамның бет қимылын қайталайтын робот

Адамның бет қимылын қайталайтын робот
Фото: tpd.hateblo.jp

Робот индустриясындағы әр жаңа технология адам келбетіне, қимылына, тіпті санасына ұқсап барады. Жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығында роботтар арнайы бағдарламамен, дайын алгоритммен жүрді. Ал қазіргі технология көзбе-көз ілесіп отыруға, қас қағым сәтте әрекет етуге, ақпаратты қорытып үн қатуға қауқарлы. Мысалы SEER роботының адам бет қимылын қайталап жатқанына қарап отырсаңыз, тірі организм бе, әлде технологияның құдіреті ме деген екіұшты ойға қаласыз.

SEER өзі бақылап отырған адамның қимылын қайталап жатыр

Роботты жапон өнертапқышы Такаюки Тодо жасап шыққан. Ол оны Ванкуверде өткен SIGGRAPH конференциясында ұсынған соң, SEER көпшіліктің көзайымына айнала кетті. Роботтың екі негізгі режимі бар: еліктеу және көзбе-көз қарым-қатынас орнату. Сол арқылы SEER адамның бас, қас, қабақ қозғалысын қайталай алады.

Такаюки Тодо өз өнертабысының практикалық қызметі жоқ дейді, бірақ SEER арқылы кейінгі нейрожүйелер, бейнелерді тану технологиясы айтарлықтай серпін алатынына сенімді. Бұл қарқын тоқтап қалмаса, ертең адам мен роботты айыра алмай қалатын күнге де жетуіміз бек мүмкін.

Massaget.kz