Әлемде барлық адам сөз жоқ, YouTube видеосервисін қолданады. Алайда біздер оның тек жүктелген видеолар көрсететіндігін ғана ескереміз. Әуен жағы қалай болар екен? Әуен десе, әдетте бейнеклиптер еске түседі. Ал енді Billboard ресурсы бұл жайлы былай деп хабарлайды. YouTube осы жылдың соңына дейін өз музыкалық жүйесін шығармақ. Яғни, жүйе ұялы телефон құрылғылары арқылы әуен тыңдауға мүмкіндік беретін болады.
Ақпарат көздерінің айтуы бойынша, контент тегін және ақылы болып екіге бөлінеді. Ақылы әуендердерді жүйеге тіркелген әр қолданушы тыңдай алады. Оған қоса, өзінің «кэш» жүйесіне жүктеу арқылы, ғаламторсыз әуен тыңдау мүмкіндігіне ие болады. Ал ақысыз тегін әуендерді тыңдаймын дейтіндер, өз кезегінде шектеулі әуендерді ғана тыңдай алады.
Үлкен әуендер қорын бұл орайда Google Music жүйесі қамтамасыз етеді. Сарапшылардың айтқанына сенсек, YouTube бұл арқылы тек ақша табуды ғана көздемейді. Ол сондай-ақ, үлкен аудитория жинауды да мақсат етіп отыр.
Жаңа жүйеге тіркелу құны айына 10 долларды құрайтын болады. Бұл қарап отырсаңыз, аз ақша емес. Сондықтан барлық адам жүйеге бірден тіркеледі деу қиын. Өйткені, біздер ақысыз жүйелерге әбден әдеттеніп алғанбыз. YouTube жаңа әуендер жүйесі қаншалықты жұмыс жасайтындығын енді тек уақыт қана көрсетеді.
Дайындаған: Гүлжан Серік
Сурет: jobspapa.com