Volkswagen екі бірдей жаңа көлігін таныстырды

Volkswagen компаниясы жаңа заманғы Passat седаны мен әмбебап моделдерінің тұңғыш ресми суреттерін жариялады.  

Фотолардан байқағандарыңыздай, Volkswagen Passat өзінің көпшілікке таныс формасын сақтағанымен, өзгерістерден де сырт қалмаған. Бампері мен радиатор торы агрессивті бола түссе, ал оптикалары жаңа кейіпке ие болған. Жалпы айтқанда, жаңарған автокөлік сыртқы түрі бойынша өзінің «туысы» Passat CC моделіне ұқсап тұр.

Кузовтың габаритті ұзындығының 2 мм қысқарғанына қарамастан, Volkswagen Passat дөңгелегінің базасы 79 мм ұзарып отыр. Одан бөлек, автокөліктің биіктігі 14 мм төмендегенмен, есесіне ені 12 мм ұзарды. Ал жүк салғыштың көлемі 21 л ұлғайса (586 л), әмбебап түрінде ол 47 л көбейген (650л).

Volkswagen Passat капотының ішінде қуаты 125-280 ат күші аралығындағы көлемі 1,4-2 л болатын TSI бензинді моторы қондырылған. Ал дизельді нұсқасы 120-239 ат күшіне пара-пар, көлемі 1,6-2 литр TDI агрегатымен жабдықталып отыр. Одан бөлек, автокөлік гибридті күштік қондырғымен де жұмыс жасайды.

Жаңа көліктің седан түрі €25 875 тұрса, әмбебап көлік үшін дилерлер €25 950 сұрайды. 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: auto.bigmir.net