Volkswagen 6000 еуролық модельді сатылымға шығармақ

Volkswagen компаниясы бағасы 6000 еуро тұратын жаңа модельді сатылымға шығаруға дайындалып жатыр. Бұл туралы Automotive News баспасына берген сұхбатында неміс концернінің даму бойынша басшысы Ульрих Хакенберг мәлімдеді.  

Жаңа модель негізінен дамушы елдердің нарығына арналмақ. Оның ішінде Азиядан Үндістан мен Қытай және де Шығыс Еуропа мен Ресейдің нарығына арналады. 

Ал бюджетті Volkswagen көлігінің концепциясына келер болсақ, Хакенбергтің сөзінше ол 6 мың мен 8 мың еуро аралығында болатын толыққанды жанұялық автокөлік болмақ. Топ-менеджердің сөзінше, осындай арзан бағамен сатылатын модельдер болашақта автокөлік нарығында жаңа өзгерістер алып келуі мүмкін. Дәлірек айтқанда алпауыттар арасында баға бәсекелестігі орын алып, нәтижесінде көлік бағалары едәуір төмендеуі ғажайып емес.   

Ал қазіргі таңда Ресей мен Орта Азия елдерінде басқа бір бюджетті модель Volkswagen Polo 2010 жылдан бері сатылып келе жатыр. Және де ол әлі күнге дейін үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Кейбір сарапшылар оның бағасының тым төмендігіне байланысты жақын болашақта бұл көліктердің бәсекелесі болмайды дегенді айтады. Осыған дейін Volkswagen жаңа бюджетті автосы үшін жеке бренд жасайды деген ақпарат пайда болған екен. Алайда бұл ақпараттар әлі күнге дейін ресми түрде расталған жоқ.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: mail.ru