Twitter-дің дизайны өзгереді

Twitter-дің дизайны өзгереді

Twitter компаниясы өз сервисінің веб-нұсқасы жаңа дизайнға көшетіні туралы мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, сайттың алдағы нұсқасы Android және iOS тұтынушыларына ыңғайлы етіп жасалынады.

Жоғарғы навигациялық панель ақ-қара түске боялып, мобильді қосымшалар сияқты өзгеріске енеді. Парақшадағы қолданушының суреті экранның сол жағына ауысып, бұрынғыдай қанша твит жазылғаны, оқушылардың саны жазылып тұрады. Бірінші бағананы толықтай хаттар алып тұрады.

Жаңа қосымшалар қосылып, қолданушылар енді өз парақшасын түрлі түске өзгерте алады. Сондай-ақ, сол жақ бағанада жылдам хат жазу мүмкіндігі қарастырылған. «Жаңа твит» батырмасын басу арқылы бұрынғыдай арнайы терезе ашылатын болады.

Twitter әлеуметтік желісі 2010 жылы да ескі нұсқасына өзгерістер енгізген болатын. Бұл жолғы өзгерту тек дизайнына байланысты орын алып отыр. Сайттың негізгі функциясы сол күйінде қала береді.

Twitter әлеуметтік жүйесі – қазіргі кездегі ең танымал әлеуметтік желілердің бірі. Қазақстанда әсіресе өнер жұлдыздары, әншілер, журналистер жиі қолданады. Twitter әлеуметтік желісі - интернет кеңістігіндегі пайданушылар үшін микро-блоггинг желісі қызметтерін ұсынатын Интернет-ресурс, веб-сайт. Twitter-дің негізін қалаушы әрі қазіргі кезде де Интернет-ресурстың қызметін ұйымдастырушы –Twitter Inc. компаниясы. Компания қожайындары әрі Твиттердің негізін қалаушылар: Джек Дорси (Jack Dorsey), Биз Стоун (Biz Stone), Эван Уильямс (Evan Williams) және тағы да басқа бір топ қызметкер.

Твиттердің негізі 2006 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында қаланды. Қазір Twitter Inc. компаниясының бас кеңсесі Сан-Бруно қаласында орналасқан.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: twitter.com

Ш. Талап