Toyota компаниясы әлемде автокөлік сатудан бірінші орынға шықты

Toyota компаниясы әлемде автокөлік сатудан бірінші орынға шықты

Ағымдағы жылдың алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша Toyota компаниясы автокөлік сатудан бірінші орынға шықты деп хабарлайды The Detroit News.

Жарты жыл ішінде "Тойота" әлем бойынша 4,97 миллион автокөлік сатқан. Бұл өткен жылмен (2011 жылдың бірінші алты айы) салыстырғанда 33,7 пайызға көп. Осылай жапондық компания өзінің 4 жыл бұрын орнатқан рекордын бұзды. 

Ал өз кезегінде General Motors концерні қаңтар-маусым айлары аралығында жапондық өндірушіден 300 мың көлік кем сатқан. Соған байланысты General Motors жылдық қорытынды бойынша бірінші орынға шыға алмайды деп күтілуде. 

Мамандардың айтуынша, "Тойота" маркалы көліктердің жаппай сатылуы Солтүстік Америка мен Азия елдері нарығының жандануына  және де гибридтердің өте мәшһүр бола бастауына байланысты екен.

2011 жылы General Motors концерні 9,03 миллион автокөлік өткізді. Екінші орынды "Фольксваген" иеленді (8,16 миллион көлік), ал үшінші орын - Renault-Nissan-"АвтоВАЗ" альянсы (8,03 миллион көлік). Төртінші орынды 7,95 миллион көлік сатқан Toyota компаниясы иеленген еді. 

Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков

Сурет: sigmalive.com

 

Ж. FM