Sony өзінің жаңа планшетбугын таныстырды

Қазіргі кезде қарапайым ноутбуктермен ешкімді таң қалдыра алмайсыз. Қазір трендте: гибридтер, трансформерлер және тағы басқа инженерлердің қиялынан туған дүниелер. Жақында солардың қатарына Sony компаниясының жаңа өнімі келіп қосылды. Құрылғы VAIO Duo 13 деп аталады. Бұл дегеніңіз экраны сыртқы жақта орналасқан ультрабук, ал қажет десеңіз планшетке де айнала алады. Сондай-ақ ол арқылы телефон шалуға және де арнайы стилус арқылы ақпараттарды енгізуге мүмкіндік бар. Сонымен гаджеттің мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталайық.  

Құрылғы жинақталып тұрған күйде оның сыртқы түріне назар аударар болсақ, ең бірінші алдымызда 13-дюймды планшет тұрғандай әсер аламыз. Оның үстіне ондағы экран да Xperia мобильді аппараттарына арналған сенсорлы түрде келеді. Triluminos және Full HD фирмалық технологиялары арқасында қолданушы өз экранындағы кескіндерді максималды табиғи түстерімен сапалы түрде көре алмақ. Ал суреттердегі қанықтылықты X-Reality процессоры жетіспеген пиксельдерді қосу арқылы қалпына келтіреді.

Гибридтің артқы жағында планшеттер үшін жоғары мүмкіндікті саналатын автофокусты 8-мегапиксельді камера орналасса, фронтальдысы 2-мегапиксельді. Одан бөлек, орнатылған бағдарлама түсірілген суреттерді өңдеп, мәтіндерді танып және оларды әлеуметтік желілер мен бұлтты қызметтерде бөлісуге мүмкіндік береді. Ал құрылғыдағы сапалы дыбысқа Clear Audio технологиясы жауап береді. Сондай-ақ мұнда интернетке кіріп, қоңырау шалып және хабарлама жазуға мүмкіндік беретін 3G және LTE интерфейстері де бар. Бұл қызмет түрлері компьютерды күту режимі қосулы болғанда да жұмыс жасай береді.

Планшеттің қалыңдығы 19,5 мм құраса, салмағы 1,35 келі. Құрылғы толығымен монолитті де емес. Құрылғыда Core i7 — 4500U, 8 ГБ DDR3, 512 ГБ қатқыл диск пен Intel HD Graphics 4400 видеокартасы орналасқан. Және де гаджет маршрутизатор режимінде жұмыс жасауға мүмкіндік беретін Wi-Fi модулімен жабдықталған. Одан бөлек онда Bluetooth 4.0, HDMI, картаға арналған орын, NFC, GPS, акселерометр, гироскоп және цифрлы компас, Ethernet және USB 3.0 порт қызметтері де бар. Жаңа өнімді 15 сағатқа дейін үздіксіз жұмыспен жаңа заманғы батарея қамтамасыз етеді. Ал құрылғыдағы арнайы технология бір батырма көмегімен оны ұйқы режиміне немесе керісінше жұмыс режиміне ауыстыра алады.

Бұл өнімнен бөлек, Sony таныстыру шарасында классикалық ультрабуктерді де көрсетті. Мысалы, көміртегі талшығынан жасалынған VAIO Pro 11 және VAIO Pro 13 аса жеңіл гаджеттері. Олардағы сенсорлы экрандарының өлшемдері 11 және 13 дюймды құраса, салмақтары сәйкесінше 0,87 және 1,06 келі болады. Ал мінездемелері VAIO Duo 13 құрылғысымен бірдей деп айтсақ та болады. Одан бөлек, Sony тағы да сенсорлы экранды VAIO Fit 14 және VAIO Fit 15 толық ноутбуктерін де таныстырды. Аталған құрылғылардың барлығы да қолданушылар үшін биылғы жаздың аяғына дейін сатылымға шығатын болады.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: gadgetblog.ru