SensorWake гаджеті сізді хош иіспен оятады

SensorWake гаджеті сізді хош иіспен оятады
Фото: www.kickstarter.com

Таңертең ерте ояну кейде мүмкін еместей көрінеді. Осындай сәттерде қарапайым оятқыштардың өзі шарасыздық танытады. Мұның шешімі SensorWake деп аталатын жаңа технологиялық өнім болмақ.

SensorWake таңертең көтеріңкі көңіл-күймен оянудың ұтымды жолын ұсынады. Нақтырақ айтсақ, гаджет сізді өзіңіз ұнататын хош иістің көмегімен оятады. Ол сіздің жаныңызға жақын кофенің немесе піскен тәттінің иісі болуы мүмкін. Тек ұйықтар алдында қажет иістің блогын салып, уақытын белгілесеңіз болғаны.

Жоба авторлары хош иісті жеткізу мәселесіне қатысты көпке дейін бас қатырғанын айтады. Сосын арнайы келісімшарт бойынша SensorWake гаджетінің ароматын швейцариялық Givaudan парфюмерлік компаниясы жасаған екен.

Айта кетсек, жаңа хош иіс тетігі алпыс рет қолданылады. Қалауыңыз бойынша олардың оннан астам түрі ұсынылады. Тіпті доллардың иісімен оянудың мүмкіндігі де қарастырылған. Жаңа гаджеттің ұтымды әсер ете алуы тәжірибе жүзінде дәлелденген. Ұйқыдағы адам бөлмеге тараған ароматтың әсерінен небары екі минутта оянады. Ал ұйқы берік болып немесе мұрын біткен жағдайда оятқыштың дыбыстық сигналы іске қосылады екен.

Күнделікті өмірімізді шуақты ететін гаджет Kickstarter алаңында дайындалуда. Алдын ала тапсырыс беру құны – 66 АҚШ доллары. Ал ағымдағы жылдың қараша айында ресми таныстырылуы болады.

Ж. Өрісбай