Samsung Galaxy S5-тің сатылымы төмендеп кетті

Samsung Galaxy S5-тің сатылымы төмендеп кетті

Осыдан он жыл бұрын Samsung компаниясы тек тұрмыстық техника шығарумен белгілі болатын. Кейіннен мобильді құрылғылар нарығына ауысып, араға көп уақыт салмай көшбасшыға айналып үлгерді. Дегенмен заманауи технологияның қарқындап дамыған дәуірінде өндіруші компаниялар бір-бірін басып озуға тырысуда. Оңтүстіскореялық компанияның да беделі кетті.

Күні кеше Wall Street Journal техно сарапшылары шұғыл ақпарат жариялапты. Соңғы статистикалық мәліметке сенер болсақ, Galaxy S5 флагманының нарықтағы өтімі айтарлықтай төмендеп кеткен. Сандық есеп қателеспейді. Нәтиже алдын ала болжанған көрсеткіштен 40%-ға төмен. Айта кетсек, жалпы 12 миллион смартфон сатылып, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 миллионға аз болып отыр.

Әрине бұл нәтиже компания басшылығына да оңайға соғып жатқан жоқ. Тіпті компанияның бас директоры жалақысыз қалып отыр. Samsung-тің ең үлкен нарығы болатын Қытайда сатылым деңгейі 50%-ға төмендеп кеткен. Оған жергілікті Xiaomi компаниясының арзан әрі сапалы, маңыздысы өтімді болған гаджеттері себеп болып отыр.

Мамандардың айтуынша, әйгілі электроника өндірушісі Galaxy S5 флагманына көп мән беріп, қателесті. Расында Galaxy S5 фламанының бес түрлі моделі бар. Дегенмен олардың функциялық айырымы шамалы ғана.

Samsung-тің енді сенім артып отырғаны - Galaxy Alpha моделі болуы мүмкін. Оның өзгеріс тапқан дизайны компанияны дағдарыстан алып шығуға себеп болатын түрі бар. Ендеше Samsung-ке финдік Nokia-ның қателігін қайталамау үшін біраз тер төгуге тура келеді. Себебі нарықта оған бәсекелес бола алатын Apple, OnePlus, Lenovo және Xiaomi компаниялары бар.

Сурет: thenextweb.com

Ж. Өрісбай