Смартфон жасап шығарушы Nokia HERE Auto деп аталатын автокөлікке арналған навигациялық платформаны таныстырды. Автоөндірушілерге сатуға жоспарланған жаңа өнімнің көпшілікке таныстырылуы қыркүйек айының басында Франкфуртте болатын моторшоуда өтеді.
Платформа құрамы үш компоненттен тұрады: HERE Auto, HERE Auto Cloud және HERE Auto Companion. Олардың біріншісі 95 елде дыбыстық сүйемелдеуі бар, интернетке қосылмай-ақ жұмыс істей беретін екі және үш өлшемді серіктік картасы орнатылған навигациялық жүйе.
Екінші компонент - HERE Auto Cloud – жүргізушіге ағымдағы уақытта болып жатқан ақпаратты ұсына алады. Мәселен, кептеліс, жөндеу жұмыстары өтіп жатқан жолдар, жақын арадағы көлік тұрақтары, жанармай бекеті жайлы. Сонымен қатар, аталған қосымша басқа бағдарламалармен бірге жұмыс істеу мүмкіндігіне де ие болады.
HERE Auto Companion компоненті мобильді және веб-қосымша ретінде де ұсынылатын болады. Бағдарлама смартфонда сақталған ақпараттарды автокөлікпен синхрондауға мүмкіндік береді. Мәселен, автокөлік иесі компьютер арқылы не болмаса телефонның көмегімен алдын ала жол бағытын құрса, ол автоматты түрде көліктің навигациялық жүйесіне жазылатын болады. Бұдан бөлек, HERE Auto Companion мобильді құрылғы экранына жанармай мөлшері, шина қысымы жайлы ақпараттарды шығара алады.
Айта кетсек, бұдан бұрын Google компаниясы да өз өнімдерінің біріктірілуін жоспарлап отырғанын жария еткен болатын, сонымен бірге iOS in the Car сервисін таныстырған Apple компаниясы да.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: motor.ru