Соңғы кезде әлем жұртшылығының сұранысы смартфондарға күрт артса да, қарапайым бюджетті мобильді телефондар әлі күнге дейін сатылым жағынан жаңа құрылғылардан ұтыла қойған жоқ. Бюджетті телефондар халықтың тұрмыс деңгейіне сай, әсіресе дамушы Азия, Америка және Африка құрлықтарының мемлекеттерінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Қала берді, экономикасы қанша жерден жоғары деңгейге жеткеніне қарамастан, дамыған елдердің өзінде кейбір адамдар үшін аталған телефондар әлі күнге дейін қажетті гаджеттердің қатарынан саналады. Себебі олардың басты артықшылығы сол қолдануға ыңғайлы әрі арзан. Сондықтан да телефон шығарушы алпауыт компаниялар мұндай құрылғыларды шығаруды бір сәтке болса да тоқтатқан емес.
Осы орайда көпшілігімізге "қарапайым телефондарды" шығарумен танымал болған финляндиялық Nokia компаниясын айрықша айта кетуіміз керек. Компания әлі күнге дейін өз беделін атақты "кірпіштердің" арқасында ұстап келе жатыр десек, артық айтқанымыз болмас. Қызықты жәйт, бұл телефондардың саудасы ең алғаш шыққан уақыттан бері еш бәсеңдемеген екен.
Жақында фин компаниясы өз қолданушыларын жаңа Nokia 207 және Nokia 208 атты телефондармен қуантты. Қос аппарат та 2,4’’ QVGA-дисплейімен жабдықталған. Онда 3G (HSPDA, 7,2 Мбит/с дейін) сымсыз байланысына да орын табылыпты. Ал күту режиміндегі жұмыс жасау уақыты тіптен рекордты саналып отыр. Ол бір айға дейін ешқандай қосымша қуатсыз жұмыс жасай алады. Ал оның ең басты артықшылығы - оның бағасы. Оның оператор келісімінсіз және салықсыз бағасы 68 долларды құрайды.
Екі телефонның айырмашылығы - ондағы камера мен екі "симканы" бірдей қолдай алатындығында болып отыр. 208 моделінде 1,3-мегапиксельді фотосенсор мен екі SIM-картаға арналған орын болса, 207 тек бір ғана SIM-карта қабылдай алады және онда ешқандай камера жоқ (яғни бұл телефон қызметкерлеріне фототехника қолдануға рұқсат етпейтін мекемелер үшін қолайлы болып отыр).
Тағы да бір ерекшелік, аталған құрылғылардың екеуі де қарапайым телефондардағыдай кәдімгі SIM-карта емес, керісінше microSIM-картаны қабылдайды. Сол себепті де бұл телефондар дәл осындай "симка" қабылдайтын қымбат және сәнді смартфон иелеріне де қажет болары анық.
Одан бөлек, егер сізге 3G-модуль қажет болмаса, онда 110 және 112-модельдерге де назар аударғаныңыз жөн. Себебі оларда да сол қызмет түрлері бар, алайда бағалары 207 және 208-ге қарағанда әлдеқайда арзанырақ.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/SPqhxxhomLA","width":"450","height":"320"});
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: gadgetblog.ru