NASA ғалымдары биыл ақырзаманның болмайтынын дәлелдемекші

Бүгін түнде NASA ғалымдары Google бейнечатында интернет-конференция өткізіп, ақырзаман жөніндегі гу-гу әңгімеге нүкте қоймақшы.

Осыған байланысты ғарыш агенттігінің сайтында былай делінген: "Біздің планетаға кем дегенде алдағы 4 миллиард жыл ішінде ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Сондықтан ақырзаман жөніндегі әңгіменің ешқандай ғылыми негізі жоқ. Бұл біреулердің қиялынан туған бос сандырақ".

Халықты сабырға шақыру үшін NASA мамандарынан бөлек, тәуелсіз астрономдар, астробиологтар және Күн жүйесі мен астероидтарды зерттейтін ғалымдар да интернет-конференцияда өз ойларын айтады. 

Ғалымдар адамдардың көпшілігі ақырзаман - Жер мен астероидтың соқтығысуы салдарынан болады деп түсінетінін айтады. Оның үстіне "майя күнтізбесі" де отқа май құйып отыр.

"Сіздің ас үйіңіздегі күнтізбе жыл сайын 31 желтоқсаннан соң жаңарады. Сол сияқты "майя күнтізбесі" де 2012 жылдың 21 желтоқсанымен бітпейді. Бұл дата тек майя халқының санауға шамасы жеткен уақыт қана. Одан соң қайтадан жаңа цикл басталады. Бар болғаны осы",-дейді ғалымдар.    

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: news.passion.ru