Жапондық Mitsubishi Motors компаниясы АҚШ-тағы көлік өндірісін тоқтататыны туралы ресми мәлімдеді. Бұл туралы 24.kz сайты жазды.
Концерн қараша айына қарай Иллинойс штатындағы зауыттың жұмысын тоқтатып, оны Жапонияға көшірмек. Mitsubishi көліктері Америкада 1988 жылдан бастап шығарыла бастады. 2000-жылдары аталған зауыт жылына 200 мыңнан астам көлік өндірген. Бірақ былтырғы сатылымның төмендегеніне байланысты 70 мың көлік ғана шығарылды. Енді компания 1200-ден астам қызметкер жұмыс істейтін зауытты сатып алатын бизнесмендер іздеуге мәжбүр.
Mitsubishi Motors Corporation президенті Тетсуро Айкава: "Біз АҚШ-тағы зауытты ұстап тұру экономикалық жағынан тиімсіз деген шешімге келдік. Компания Жапониядан шығатын көліктерді экспорттаудың бизнес-моделін өзгертеді. Зауытты сату туралы келіссөздерді әлі бастаған жоқпыз. Бірақ жақын арада сатып алушыны іздейтініміз анық", - дейді.