Mercedes CSC - болашақтың темір тұлпары

Бұған дейін біз сіздерді бүкіл дүниежүзіне белгілі автоөндіруші Mercedes-Benz компаниясының тарихымен таныстырып өткен болатынбыз. Мерседес үлгілері баршаның санасында идеалды көлік эталоны ретінде танылады. Бастауын сонау 1900 жылдан алатын Daimler-Motoren-Gesellschaft компаниясы бүгінде дүниежүзіне арнап әр санаттағы көліктерді ұсынып жатыр.

Биыл бұл неміс өндірушісі автосүйер қауымды тағы бір рет қуантпақшы. Мерседес Пекинде өзінің концептуальды CSC (Concept Style Coupe) үлгісін халық назарына көрсетпек. Егер қазір бұл тек концептуальды көлік қана болса, келер жылы бұл машиина сериялық өндіріске CSА деген атаумен шығады.

Жаңа үлгінің сыртқы келбеті Женевада екі жыл бұрын көрсетілген F 800 Style прототипіне ұқсайды, Ал оның ішінде А және В класстарынан танитын MFA  (Mercedes-Benz front-wheel-drive architecture) алдыңғы приводты платформа орналасқан. Бірақ бұған қарамастан, жаңа прототип С-класстың седанынан 46 мм-ге ұзын. Ені де оған қарағанда 121 мм ұлғайған. CSC-дің өлшемдері 4637х1891х1398 мм-ді құрайды. Мынадай көлікке көзің еріксіз түседі емес пе? Осы неміс автоөндірушісінің барлық үлгілері әдемі формалы болып келеді. Жаңа CSC да осының нағыз дәлелі бола алады.



Концептуальды төрт есікті купе капотының ішінде А 250 үлгісіндегідей қозғалтқыш орнатылған. 211 ат күшті көлемі 2 л  болатын мотор селективті 7G-DCT "робот" беріліс қорабымен үйлесімді жұмыс істеп, үдеудің жақсы көрсеткішіне ие болып отыр. Екі литрлі қозғалтқыш қазіргі жанармай тапшылығын ескерсек, өте тиімді шешім болатыны анық. Бірақ, осындай көлікке мінген адам жанармай бағасы туралы ойлана ма екен? Қандай болғанда да, сыртқы ортаға келтіретін зияны жайлы "мерседестегілер" біраз ойланып, көліктің экологиялық "таза" болуына біршама еңбектенген сияқты. 


Ғаламтордағы шексіз сыбыстарға сенетін болсақ,  CLA үлгісінің толық приводты нұсқасы да шықпақшы. Бұған қоса, бұл платформа негізінде шағын өлшемді GLC кроссовері жақын арада шықса керек.
Келер жылды еліміздің автоәуесқойлары асыға күтуде. Әрине, мұндай әдемі "Мерседесті" өз гаражында сақтап, баптап күтетін адамдардың саны аз емес екені айдан анық. 
Суреттер: autoreview.ru