Lit Motors компаниясы автомобиль мен мотоцикл конструкциясынан құрастырылған жаңа электромобиль ойлап тапты. Компания осылайша жастарға аз қаражатқа көлік сатып алуға мүмкіндік сыйлауды мақсат еткен. "Lit Motors C-1 автосымен жұмысқа барып-қайту орташа есеппен 50 центті құрайды. Мұндай сома барлық жастардың қалтасынан табылады және бұл қаражат қоғамдық көлікке жұмсалатын шығыннан да аз",-дейді компания басшысы Даниэль Ким.
Lit Motors C-1 көлігі екі адамға, яғни жүргізуші мен бір жолаушыға арналып жасалған. Екі дөңгелекті автоның аккумулятор батареясының қуаты 300 км қашықтықты жүріп өтуге жетеді.
Қазіргі кезде Lit Motors C-1 қайта тексеруден өтуде, ал Lit Motors компаниясы жаңа машинаны қолданысқа енгізу үшін инвесторлар іздеп жатыр. Көлік алғашқы кезде 20 мың доллардан сатылады, ал сұраныс арта бастаған уақытта 16 мың долларға дейін түсуі мүмкін.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: dailytechinfo.org