- Негізгі бет
- Шолу
- LG ұсынған иілгіш...
LG ұсынған иілгіш G Flex смартфоны
LG компаниясы пластикалық негіздегі иілгіш OLED-экранды G Flex смартфонын таныстырды. Бұл жөнінде LG ресми сайтында хабарланып отыр.
Смартфон экраны осыдан үш апта бұрын жарыққа шыққан Samsung гаджетіне қарағанда (ол вертикалды ось бойынша иілетін етіп жасалған еді) горизонталды ось бойынша майыса алады.
G Flex смартфоны 1280-ге 720 нүктелі мүмкіндіктегі 6 дюймды дисплейге ие. Сондай-ақ, онда төрт ядролы Snapdragon 800 процессоры мен екі гигабайт оперативті жад орналасқан. Гаджет Android 4.2.2 операциондық жүйесі негізінде жұмыс жасайды.
Ал смартфонның артқы панелінде 13 мегапиксельді камера, жанында басқару тетіктері (қуат алу және дауысты реттеу) бар. Осыған дейін, дәлірек айтсақ қыркүйек айында жарыққа шыққан LG G2 смартфонында да тетіктер осындай ретпен орналасқан еді.
Құрылғының тағы да бір ерекшелігі - оның артқы панелін жауып тұруға арналған қабықша (пленка). Компания мамандарының сөзіне сенер болсақ, егер қабықша беті зақымданатын болса, ол бірнеше минуттан кейін бастапқы қалпына келе алады.
Қазан айында суреттері Интернет бетінде пайда бола бастаған G Flex смартфоны Оңтүстік Кореяда қараша айының алғашқы жартысынан бастап сатылымға шығады. Дегенмен аппараттың қандай бағамен және басқа елдерге қашан шығатындығы жөнінде әзірге ақпарат жоқ.
Жалпы LG компаниясының OLED-экранды бұл құрылғысы әлемде жарық көрген осымен екінші смартфон саналып отыр. Алғашқы болып Samsung компаниясы Galaxy Round аталған өнімін таныстырған болатын. Ол да әзірше тек өз отанында ғана сатылуда, бағасы 1 мың доллардай болады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: arstechnica.com
Б. Қосмағамбет