Huawei FreeBuds – сымсыз құлаққаптар

Huawei FreeBuds – сымсыз құлаққаптар
Фото: consumer.huawei.com

Сымсыз құлаққап, қуаттағыш құралдар көбейген сайын Bluetooth қызметі де артып келеді. Біршама компания сымсыз жұмыс істейтін өз өнімдерін гаджеттер нарығына ұсынып жатыр. Мысалы қытайлық Huawei компаниясы Huawei FreeBuds атты сымсыз құлаққап шығарды. Бұл аксессуардың түпкі аналогы бар, бірақ Huawei өзіндік қолтаңбасын енгізіп, құрылғы қабілетін арттырыпты. 

Жаңа құлаққап Bluetooth 4.2 протоколы бар кез келген смартфонға жалғана береді. Құлаққаптардың дауыс қанықтығын сақтайтын ENC (Environmental Noise Cancellation) технологиясымен жасалған төрт микрофоны бар. Онымен заманауи акустикалық технологиялар арқасында шулы ортада сөйлесуге, музыка тыңдауға мүмкіндік бар. Ал AAC (Advanced Audio Coding) технологиясы қолданылған динамиктердің дыбыс сапасы өз бәсекелестерінен әлдеқайда жоғары. Оның баптауларын дыбыс режиссері Лука Бигнарди келтірген. 

Huawei FreeBuds-та Bluetooth 4.2 чипсеті жетілдірілген. Ол антенна мен аккумулятор байланысының жылдамдығы мен сапасын қамтамасыз етеді. Смартфон мен құлаққап арасындағы қашықтық 10 метрге дейін бірқалыпты сапаны сақтайды. 

Құлаққапқа G-Sensor гравитация тетіктері мен инфрақызыл сенсорлар орнатылған. Олар құлаққаптың құлаққа тағылған-тағылмағандығын анықтап, тиісті командаларды автоматты түрде орындайды. 

Сол құлаққаптағы негізгі тетік арқылы қоңырауға жауап беріп, өшіруге болады. Ал оң құлаққаптағы тетікпен музыканы тоқтатып, қайта қоса аламыз. 

IPX4 категориясындағы сыртқы корпус су өткізбейді. Енді жаңбыр астында еркін музыка тыңдауға болады. 

Сыртқы қаптама ретінде қолданылатын әрі құлаққаптарды қуаттайтын FreeBuds ішпегі (кейс) қатты соққыларға шыдайтындай етіп жасалған. Толық қуатталған құлаққап 3 сағат көлемінде жұмыс істейді, ал 15 минутта шұғыл қуаттасақ, 1.5 сағат бойы қолдануға болады.

Massaget.kz