Үндістан билігі онлайн-іздеу сегментіндегі өзінің бәсекелестерінен айтарлықтай үстем жағдайын теріс пиғылда пайдаланғаны үшін Googleкомпаниясына21 миллион доллар айыппұл салған. Үндістанның бәсекелестікті қорғау жөніндегі комиссиясы (CCI) Google компаниясының бәсекелестеріне де, пайдаланушыларына да зиян келтіретіндей етіп іздеу үдерісін қасақана бұрмалаған деген күмән келтірді. Үндістандағы Google іздеу жүйесі өзінің Google Flight қызметін пайдалануды арттыру мақсатында осындай қадамға барған. Бұламерикалық алып интернет империяға тағылып отырған алғашқы айып емес. 2017 жылдың маусым айында дәл осы мәселеге қатысты Еуропалық комиссия Google корпорациясын интернетте іздеу нарығындағы үстем жағдайын теріс пайдаланғаны үшін 2,4 млрд евроға айыппұл салуға шешім қабылдады. Былтыр наурыз айында Чикаго Федералдық соты Google іздеу жүйесі биометриялық деректерді жинау және сақтау арқылы миллиондаған желі пайдаланушыларының құпиялылығын бұзатындығын анықтады. Сот жеке фотосуреттерді пайдаланушылардың келісімінсіз қолданғаны үшін корпорацияның 5000 мың долларға дейін айыппұл төлеуін талап еткен. 2016 жылы Ресей Федерациясының монополияға қарсы қызметі компанияға қарасты Google Inc. және Google Ireland Limited аталатын жүйелердің әрқайсысына 500 мың рубль айыппұл салды.