Google-ға 22,5 миллион доллар айыппұл салынды

АҚШ-тың федералдық сауда комиссиясы (FTC) Google интернет-гигантына Safari браузерін бұзғаны үшін 22,5 миллион доллар айыппұл салды. Бұл туралы Вести.Ru хабарлады.

Анықталған ақпарат бойынша компания үстіміздегі жылдың ақпан айында браузерді бұзып Apple-дың продукциясын пайдаланушылардың мекендері мен қозғалыстары туралы ақпарат алып отырған. Айыптаушы тарап Google-дың бұл информацияларды өзінің жарнама жұмыстарына пайдаланды деп отыр. Компания аңду жұмыстары үшін cookies файлдарын (компьютердің аутентификациясы үшін сервердің жіберетін текстік мәліметтері) пайдаланған. Істің анық-қанығы анықталған соң құқық қорғау ұйымдары бірден FTC-ға арыз жазған.

Google өз кезегінде Safari мен компания серверінің арасындағы уақытша канал анонимді болды деп кәніні мойнына алған жоқ. Дегенмен комиссия өкілдері Google-ға аталған көлемде айыппұл салды. Осы туралы FTC төрағасы Джон Лейбовиц: "Компанияның үлкен-кішілігіне қарамастан барлық ұйымдар FTC-дің ережелеріне құлақ асып, орындауға міндетті. Бұл бассыздық қайталана берсе, салынатын айыппұлдың көлемі арта береді", - деді.

Google-дің төлеген айыппұлы федералдық комиссияның тарихындағы ең үлкен сома. Бұған дейінгі рекордты ChoisPoint брокері орнатқан еді. Бұл компанияға 2006 жылы 160 000 америка азаматының қаржылық ақпаратының сақталмағандығы үшін 15 миллион доллар төлеттірген болатын.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: profi-forex.org