Google Constitute. Әлемнің 160 Конституциясы бір сайтта

"Google" компаниясы Constitute деп аталатын жобаны іске қосты. Аталған жоба әлемдегі Конституцияларды топтастырған. 

«Конституциялар да қол астындағы халқы секілді дара болып келеді, - дейді компания өзінің ресми блогында, - Олар белгілі бір формада жылдар бойы қолданылып келеді. Әр жыл сайын шамамен 5 жаңа Конституция пайда болады, ал 20-30-ы қайта қаралады».

Ең «жас» Конституция – Африка елдерінде, 39 Конституцияның 19-ы 2000-жылдан соң жазылған екен. 

Google Constitute – тек барлық елдің сандық Конституциясы ғана емес, сонымен қатар, функционалдық мазмұндарын өзара салыстыруға мүмкіндік беретін сараптамалық құрал.

Мәселен, азаматтың салық төлеу міндеті 160 Конституцияның 73-інде, әскерде қызмет ету – 160-тың 98-інде, жұмыс істеу міндеті – 160-тың 41-інде (соның ішінде Жапония секілді дамыған мемлекетте) кездеседі екен. 

Конституцияларды көптеген белгілері (350 тақырып) бойынша, тіпті көлемі жағынан да салыстыруға болады. Мәселен, ең ұзақ Конституция – Үндістан елінде (146 385 сөз), ал ең қысқасы –Иорданияда (2270 сөз) екен. 

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: constituteproject.org