Google 20 жасқа толды

Google 20 жасқа толды
Фото: google.com

Ғаламтордағы алпауыт Google компаниясының құрылғанына 20 жыл толды. Google.com домені 1997 жылы 15 қыркүйекте, ал Google Inc.  компаниясы 1998 жылғы 4 қыркүйекте тіркелді. Алайда, 2005 жылдан бастап компанияның туған күні ресми түрде 27 қыркүйекте аталып өтіледі.

20 жылда Google қандай жетістікке жетті? Қазақстанды Тәуелсіздік күнімен құттықтап тұратын ірі компания жайлы не білеміз? Ендеше назарыңызға Google жайлы 5 дерек ұсынамыз.

1. Негізі Google емес, Googol екен

Стэнфорд университетінің студенттері Ларри Пейдж және Сергей Брин 1996 жылы іздеу жүйесін ғылыми-зерттеу жобасы ретінде бастайды. Ізденіс пен табандылықтың арқасында екі студент ғылыми жобаларын коммерциялық жобаға айналдыра білді. Олар іздеу жүйесін BackRub деп атап көрген, бірақ кейін Googol деген атауға тоқтайды. Googol – жүз нөлі бар бірлік сан, яғни 10100 . Ол қалай Google болып кетті дейсіз ғой, Ларри Пейдж бен Сергей Брин Sun Microsystems басшысы Энди Бехтольшейммен кездесіп, іздеу жүйесінің болашағын талқылайды. "Бұл – өте қызық", – деді Бехтольшейм Сергейдің сөзін бөліп. "Бірақ мен сәл асығыс едім, іздеу жүйесі қалай аталады дедіңдер?", – деп 100 мың долларлық чекке Google Incorporated деп қате жазып жібереді. Ақшаны банктен алу үшін олар фирманы чектегі атаумен тіркеуі тиіс еді. Осылайша жаңа компания Google атауы ғаламтор әлеміне нық қадам басты. 

2. Google Yahoo компаниясына сатылуы мүмкін еді

Ларри Пейдж бен Сергей Брин 1997 жылы жобаны 1 миллион долларға сатуға дайын еді. Екеуі Yahoo компаниясына ұсыныс жасайды, алайда олар қабылдамайды. Yahoo үшін Google технологиясы сол уақытта маңызды емес еді. Кейін 2002 жылы Yahoo Google лицензиясын 3 миллиард долларға сатып алғысы келеді, бірақ Google бұл ұсынысты қабылдамайды. 

3. Google интернет әлемінде маңызды рөлге ие

Google-дің қазіргі интернетке әсері мол екенін бәрі біледі. Бірақ ол біз ойлағаннан да маңызды. 2013 жылы 16 тамызда Google-дің барлық серивисі 5 минутқа істен шығады. Әлемдік трафик 5 минуттың ішінде 40%-ға түсіп кетеді. Ал корпорация 545 мың доллар табысынан айрылады. 

4. 1 минутта 3,7 миллион ақпарат ізделеді

Culumus Media агенттігінің мамандары Лори Льюис пен Чедд Каллахан интернеттегі алпауыт компанияладың белсенділігін минуттық көрсеткішпен есептеп отырады. 2016 жылы Google арқылы 2,4 млн рет ақпарат ізделсе, 2017 жылы 3,5 млн көрсеткішке жеткен. Ал 2018 жылы 3,7 млн рет ақпарат ізделеді екен. 

5. Google сіз туралы көп нәрсе біледі 

– Google кез келген қолданушының негізгі профилін жасауда үлкен мүмкіндігі бар. Онда қолданушының жынысы, жасы, қызығушылығы секілді ақпараттар болады.

– Егер сіздің ұялы телефоныңыздың оперативті жүйесі Android болса, Google сіздің тұрған орныңызды еш қиындықсыз анықтайды.

– Google-дан ізделген барлық мәлімет іздеу тарихында толығымен өзгеріссіз тұрады. Себебі Google оның барлығын жадында сақтайды. Онымен қоса біз басқан жарнамаларды да санаққа алады. 

Massaget.kz